Қазақстан энергетикалық қауіпсіздігін көрші елдермен бірлесіп нығайтады

Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Орталық Азияның энергетикалық қауіпсіздігін бірлесіп нығайтады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл іске 3 елдің үкіметі қомақты қаржы құйып, жаңа гидроэлектр станция салуға ниетті. Жоба халықаралық Ташкент инвестициялық форумы алаңында талқыланды. Оның тараптар үшін пайдасы қандай?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ұзын саны 93 мемлекеттен 2500 делегат жиналған Ташкент инвестициялық форумы осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Маңызды жиынға Өзбекстан үкіметінің тыңғылықты дайындалғаны байқалады. Панельдік сессияларда тұтас Орталық Азия үшін де өзекті жобалар қаралып жатыр. Соның бірі – қырғыз жерінде салынатын «Қамбар ата» гидроэлектр станциясы. Құрылыстың бір бөлігін бүкіләлемдік банк қаржыландырмақ. Форум барысында жобаны Қырғызстан үкіметі таныстырды.

Ташкенттегі форумға қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастап келді. Іскерлік алаң аясында біздің тарап сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесу өткізді. Кейін «Қамбар ата» гидроэлектр станциясының құрылыс жобасымен танысты. Оны салуға орташа есеппен 5 млрд долларға жуық қаржы қажет. Станция жылына 5 жарым млрд киловатт электр қуатын өндіреді.

Руслан Бездалиев, Қырғыз Республикасы ГЭС салу компаниясының басқарма басшысы:

- «Қамбар ата» ГЭС-і негізінен қыс мезгілінде жұмыс істейтін болады. Ол ішкі нарық сұранысының 30%-ін өтейді. Одан түскен су «Тоқтағұлға» жинақталып, кейінгісі тек көктемде іске қосылады. Сөйтіп, екі электр станциясы бірін-бірі алмастырып, үздіксіз генерация жасап тұрады. 

Гидроэнергетикалық нысан жаз айларында Қазақстан мен Өзбекстанның су жетіспеушілігі мәселесін біршама реттеуге тиіс. Себебі құрылыс барысында қосымша 5,5 млрд текше метр тіршілік нәрін жинақтайтын қойма да салынады. Оны қырғыз үкіметі көктем шыға Сыр бойына жібереміз деп сендіріп отыр. Құрылыстың техникалық негіздемесін әзірлеуге бүкіләлемдік банк қаржы бөлген.

Татьяна Проскурякова, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры:

- Осы жылдың 10 маусымында донорлар және халықаралық қаржы инвесторлардың қатысуымен Венада роуд-шоу өтеді. Сол жерде жобаның кең ауқымды таныстырылымын жасаймыз. Шараға Қазақстан мен Өзбекстан үкіметінің өкілдері қатысады деген үміттеміз. Көп ұзамай жобаның қаржылық моделі белгілі болады. Мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі жобаға қаржы құйғаннан кейін оның акционері атанады. Қазір құрылысқа өзге де донорлық компанияларды тарту жайы қаралып жатыр. Жалпы «Қамбар ата» гидроэлектр станциясының жобасы кейінгі кеңес үкіметі кезеңінен бері талқыланып келеді. Оны Тоқтағұл су қоймасына дейінгі аралықта, яғни Нарын өзенінің бойында салу көзделген.

Авторы: Рауан Мыңбаев.