Білім саласының мамандары Елбасының Жолдауына қатысты пікір білдірді

Заман көшіне бейімделген сандық технологиялардың тілін білетін жаңа кадрлар дайындау керек.

Бұл ретте Елбасының халыққа Жолдауы өте маңызды. Білім саласының мамандары осындай пікірде. Мамандар бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін халықтың ғаламторға қолжетімділігін 80%-ға арттыру керек деп санайды. Әрі инновациялық технологияларды енгізетін кадрларды көптеп дайындау қажеттігін тілге тиек етті. Себебі, елімізде қазір бакалавр бойынша 480 мыңға жуық студент білім алса, оның шамамен 50 мыңы IT саласының маманы. Бұл инновациялық технологияларды елімізге енгізетін мамандар тапшы екенін білдіреді. Сондай-ақ Жолдаудағы міндеттерге сәйкес, 3 тілді жетік меңгерген, озық технологияларды білетін кадрлардың санын көбейту маңызды. Өйткені, жаңадан шығарылған оқулықтардың шамамен 90%-ы ағылшын тілінде жарық көреді.

Дамир Шыныбеков, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры:

- Статистикаға сүйенсек, жылына ақпараттық технологиялар саласында шамамен 15 мың маман дайындалып шығады. Бұл ретте әрбір 6-7-маманның ел экономикасының өсіміне өз үлесін қосу мүмкіндігін біз жақсы түсінеміз. Себебі, логистикадан бастап барлық салаларда сандық технологияларды енгізу қажет. Бұл тұста жоғары оқу орындарының рөлі ерекше. Сондай-ақ, Жолдауда Елбасы стартап жобаларын жасап шығаруға көптеп көңіл бөлді. Бұл да ең басым бағыттардың бірі.  

Рахман Алшанов, ҚР ЖОО қауымдастығының төрағасы:

- Қазір халқымыздың барлығы Елбасының Жолдауын талқылауда. Маңыздылығы ерекше. Қарасаңыздар, дүниежүзіндегі қазір тез дамып келе жатқан өндірістік революция, дамыған елдердің алдында келе жатыр. Елбасының ойы біз содан қалмауымыз керек. Цифровизация деді. Ол жаңа ақпараттық технологиялардың жаңа кезеңі.