USD 335.94

EUR 389.

РУБ 5.38

Қазақстандықтар Бірлік мерекесін сән-салтанатымен атап өтті

  • 862
Қазақстандықтар Бірлік мерекесін сән-салтанатымен атап өтті

Ырыс пен ынтымағы жарасып, көгінде бейбітшілік құсы қалықтаған Қазақ елі Бірлік күнін сән-салтанатымен атап өтті. Мерекеге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қалың жұртшылықты айтулы мейраммен құттықтады.

Елорда төрінде өткен думанды шара ауқымы және мазмұны жағынан ерекше. Мұндағы театрландырылған қойылым қазақтың кең пейілін, дархан көңілін жан-жақты айшықтады. Бірлік мерекесінің негізгі нышаны ретінде бейбітшілік құсы көгершін таңдалып, ұлттық киімдерін киген әр этностың өкілі киелі мекен қазақ жеріне деген ыстық ықыласын әнмен жеткізді.

Әлемде ішкі тұрақтылығы сақталмай, өзара жауласып жатқан талай мемлекет бар. Мұның көбі ұлтаралық достыққа мән бермеудің салдары. Ал біздегі ахуал мүлде басқа. Тәуелсіздік алғаннан бері береке-бірлік, тату-тірлік қағидасы елімізді жарқын жетістіктеріне бастап келеді. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Оны қазақ халқының өзге этнос өкілдеріне құрметпен қарап, сыйластық танытуынан анық аңғаруға болады.

Кең байтақ қазақ даласын мекендейтін 100-ден аса этнос болса, солардың барлығы бүгін монумент маңына жиылды. Айналаны ән мен жырға бөлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй де сыйлады.

Маңғыстауда да Бірлік күні кең көлемде аталып өтілді. Шараға  Ел бірлігін нығайтуға бағытталған кешенді шаралар сәуір айынан бастау алды. Мерекелік шаралар дүбірлі концерттер, шерулер, көрмелер, жәрмеңкелер мен спорттық сайыстарға ұласты.  Шаһардың барлық аумағында түрлі мерекелік шаралар жоспарланған.

«Отанымыз – ортақ үйіміз» атты өлке шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерттері, этно-мәдени бірлестіктердің ұлттық қол өнер бұйымдарының көрмесі, қала кәсіпкерлерінің мерекелік жәрмеңкесі мен түрлі спорттық шаралар өтті (қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, гір көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, дартс, шахмат және т.б.). 

 

Ал Қашаған ескерткішінен «Астана» алаңына дейін қала кәсіпорындары мен мекемелері еңбек ұжымдарының шеруі ұйымдастырылды. Аталған шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, тұрғындарды бірлік күнімен құттықтады.

Шымкенттіктер Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін ауқымды концертпен, жаппай серуенмен атап өтті. Бұған қоса қаланың басты алаңында «Достық алақаны» атты алып панно орнатылды.

Мерекелік іс-шара Əл Фараби алаңынан басталды. Мұнда би марафоны ұйымдастырылып, қаланың үздік би ұжымдары көрермендерге Қазақстан аумағында тұратын халықтардың билерін паш етті.

Басында аздап жаңбыр жауғанымен, ол мерекелік көңіл-күйді түсіре алған жоқ. Көпшілік мерекеге отбасымен жəне достарымен бірге келген. Мейрамға жиналған халық алып «Достық алақаны» панносын құруға атсалысты.

Бұл акция адамдардың барлығы əлеуметтік жағдайына қарамастан бір-бірімен тең екенін көрсетіп берді. Ең бастысы – бейбітшілік пен ашық аспан. Шымкент шаһарында 20-дан астам этнос өкілдері тату-тəтті өмір сүруде.

Ал Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған салтанатты шеруге 10 мыңнан астам ақтөбелік қатысты. Мерекелік іс-шаралар таңертеңмен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, еңбек ұжымдары мен оқу орындары, облыстың және қаланың құрметті азаматтарының, партиялардың, қоғамдық бірлестік өкілдерінің «Бірлігіміз жарасқан» салтанатты шеруімен басталды.

10 мыңнан астам қатысушы қаланың басты Әбілқайыр хан даңғылы бойымен салтанатты шерумен жүріп өтіп, «Қазақ халқына, мың алғыс!» стеласы жанындағы алаңда «Туған жер», «Рухани жаңғыру», «Астана - Мәңгілік ел», «Бақытты бала» тақырыбындағы театрландырылған көріністі тамашалады.

Салтанатты шараға қатысушыларды, сондай-ақ өңірдің барлық тұрғындары мен қонақтарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мерекемен құттықтады.

 

Облыс әкімі еліміздің ұлттық бірлігін нығайтуға үлес қосқан 18 этномәдени бірлестікке олардың қызметін одан әрі дамыту үшін салтанатты жағдайда алғыс хаттар мен ақшалай гранттар табыс етті.

Мереке қонақтарына Татарстан мен Орынбордан келген шығармашылық топтардың концерттік бағдарламасы, ұлттық тағамдардан үлкен көрме, ұлттық спорттық жарыстар және тағы басқа шаралар ұсынылды. 

Бүгін Ақтөбедегі тоғыз алаңда концерттік және спорттық бағдарламалар өткізіліп жатыр. Айта кетейік, Ақтөбе облысында шамамен тоқсан ұлттың өкілдері тұрады. Ассамблеяның қамқорлығымен 18 этномәдени бірлестіктен басқа, 6 жексенбілік мектептер мен 10 жастар клубы жұмыс жасайды.

 Фото: akorda.kz, өңірлердің баспасөз қызметтері.

back to top

Хабар 24 әлеуметтік желілерде