Ата заңдағы өзгеріс. Жер халыққа тиесілі

Ел арасында «Жердің иесі – халық, қойнаудан алынып жатқан байлық та халыққа тиесілі» деген түсінік жиі айтылады. Президент осыны заңмен бекітуді осыдан бірнеше күн бұрын ұсынған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конституцияға енетін жаңа норма қалай және қашан қолға алынады? Жер және оның қойнауындағы байлық халыққа тиесілі. Енді бұл Конституциямыздың мызғымас қағидаларының бірі болмақ. Ата заңға енгізілгелі жатқан норма нақты нені білдіреді? Қазақстан халқы жерүсті және жерасты байлықты қалай иеленбек? Ата заңдағы елді елең еткізер жаңа нормалардың бірі – жер мәселесіне қатысты. Өткен жұмада Мемлекет басшысы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізген еді. Сондағы Президенттің айтқаны мынау.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы.

Осы ретте «мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы» дегенді қалай түсінуге болады? Ол үшін алдымен әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек. Жалпы жер және қойнауын меншіктеудің екі түрлі жолы бар. Біріншісі – жердің флорасы, фаунасы, пайдалы қазбасымен бірге тұтастай иемдену. Екінші жолы – жердің өзіне ғана иелік етуді қарастырады. Ал қойнауындағы байлығы, суы, орманды-алқабы, тағысын тағысы бөлек қаралады. 

Жерді иемденудің екінші амалы бүгінде көптеген елдерде қолданылып жүр. Көп жағдайда минералды-шикізат ресурстарының құны жердің өз бағасынан қымбат болады. Қазба байлығы игерілген жағдайда жердің иесі пайданың бір үлесін алуға құқылы. Мұндай тәжірибе Аргентина, Бразилия, Мексика, Норвегия, Қытай және басқа елдерде енгізілген. 

Мысалға, Норвегияның үлгісін қарастырсақ. Норвегияда мұнай кені мол табыс көзі саналады. Сондықтан бұл саладан пайда көрген компанияға 50% көлемінде салық салынады. Өндірістен түскен кіріс «Мұнай қорына» жинақталады да, белгілі бір мөлшердегі қаржы әр норвегиялықтың есепшотына жіберіледі. Ал табыстың қалған бөлігі халық шаруашылығын дамытуға бөлінеді. Сөйтіп, мемлекет сыртқа қарызданбайды. Айта кетерлігі, «Мұнай қорындағы» қаражат норвегиялық Парламенттің қатаң бақылауында.

Ұлыбритания да мұнай өндірісінен мол пайда көреді. Бірақ ағылшын компаниялары ел қазынасына роялти, ренталс, арнайы салық және корпоративті табыс салығы сынды түрлі салық төлейді. 

Ал елімізде бұл мәселе Қазақстан Президентінің 1996 жылғы «Жер қойнауын пайдалану туралы» және 1995 жылғы «Мұнай жөніндегі» жарлықтарына сәйкес реттеледі. Соларға сәйкес, жер қойнауын игерушілердің қатарына шетелдің заңды және жеке тұлғалары қосыла алатын.

 «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген қағида Ата заң деңгейінде бекісе, бұл заң нормалары қалай өзгереді? Қай мемлекеттердің тәжірибесі ескеріледі? Бүгін конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшелерінен осыны сұраған едік: 

Бақыт Нұрмұханов, конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі:

Жер экономикалық институт ретінде, Жер Кодексіне сәйкес жеке меншікте де болуы мүмкін. Ол қандай тәртіпте, қандай жағдайда болады? Оның барлығы Парламент қабылдайтын заңда белгіленеді.

Былтыр жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға тыйым салатын шешім қабылданған еді. Биыл жер қойнауындағы байлық халыққа тиесілі болады дегенге жұртшылық қуанып отыр. Бірақ ол қалай іске асады? Бұл тұсы әлі белгісіз.

Анығында жерүсті табиғи байлық пен жерасты қазба байлығы, оны игеруші сынды ұғымдарды нақтылап, жер қойнауын игеретіндер мен мемлекет арасындағы қатынасты заң жүзінде белгілеу маңызды.