Алматыда Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық сыйлықтың иегерлері марапатталды

Бұл жолы мұндай мәртебеге ресейлік академик, медицина ғылымдарының докторы Виктор Тутельян мен қазақстандық MedSupport қоғамдық қоры лайық деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Виктор Тутельян дұрыс тамақтанудың стандарттарын терең зерттегені үшін марапатталды. Ал қазақстандық қор коронавирус пандемиясы кезінде алып-қашпа сөздерді азайту мақсатында індетке қатысты ғылыми мақалаларды қазақ, орыс тіліне аударып, оқырманға жеткізіп отырған. Марапаттау рәсімі былтырдан Алматыда академиктің туған күнінде өтіп келеді. Абыз ақсақал 92 жасқа келді. Өткен жылы Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық қор құрылған болатын. Айта кеткен жөн, Алматыда денсаулық пен тамақтануға қатысты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Оның жұмысы екі күнге жалғасады. Мамандардың айтуынша, аурудың 60% дұрыс тамақтанбаудан болады. Сондықтан олар халықты ас қабылдау қағидасын ұстануға шақырады.  

 Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:

- Денсаулығына пайдасы тиген адамдардың өмірі жақсарады. Мен осындай ұғым айтамын. Аурудан сақтанды деген өмірдің сапасы жақсарды деген сөз. Осы бағытта премияны болашақта да еңсесін де, қадір қасиетін де жоғарылата береді деп есептеймін.

Ботагөз Кәукенова, қоғамдық қордың жетекшісі:

 - Біз  ағартушылық жұмыстармен айналысамыз. Қоғамдық қорда 80-ге жуық волонтерлер бар. Көбісінің медициналық білімі бар. Сондықтан әлеуметтік желіде денсаулыққа қатысты кеңестер береміз. Вакцина, трансплантологияға байланысты сауалдар көп түседі. Бізге хабарласқан адамдардың барлығы нақты жауап алады.