Өнер - ортақ, сахна – ортақ

Санкт-Петербург музыка үйінің өнерпаздары елорда тұрғындарына тарту жасады.

Қос елдің әртістері сахнада көпшілікке белгілі әуендерді орындады. Классикалық жанрдағы туындыларды Астана Опера солистері Салтанат Ахметова мен Дінмұхамед Көшкінбаев нақышына келтіре шырқады. Талғампаз көрермен танымал виолончелші Сергей Ролдугин мен скрипкашы Павел Милюковтың өнерін де тамашалады. Астана Опера мен Ресейлік ұжымның әріптестік байланысы ұзақ жылдар жалғасып келе жатыр.  

Михаил Швыдкой, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі:

- Қазіргі таңда біз «Астана Опера» басшылығы мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен «Астана Опера» театрының  гастрольдік сапарын талқылап жатырмыз. Сабақты ине сәтімен болса, күзге салым сіздің елдің әртістері Мәскеу төріне келеді. Олар Үлкен театр сахнасында өнер көрсетеді. Бұл - Мәскеу жұртшылығы үшін ұмытылмас кеш болары сөзсіз.

«Бейбарыс» операсының тұсаукесері өтті

Қазақ опера қоржыны тағы бір тың туындымен толықты. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Бейбарыс» операсының тұсауы кесілді. Тарихи туындыны көрермен назарына әкелі-балалы Айтқали және Арман Жайымов ұсынды. Мысыр мен Сирияны билеген атақты қолбасшы, қазақ даласының ұлы перзенті Бейбарыс туралы бұл қойылым еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға, дейді жиылғандар. Либреттоны Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет пен «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымов жазған. Жаңа қойылымды сахналауға «Шалқыма», «Ұлттық ұлан» секілді бірқатар ансамбль әртістері де атсалысты.

Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығы

Астанада түрікмен әдебиетінің классигі, философ Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына арналған кеш өтті. Іс-шараға Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан елшілері мен депутаттар, ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Мақтымқұлы Пырағы түркі халықтарының ғана емес бүкіл әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алады. «Биыл философтың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Кеш соңында Түрікменстан елшісі Батыр Режепов «Мақтымқұлы Пырағы» өлеңдер жинағын Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығына сыйға тартты. Мерейтойлық іс-шара аясында ақынның түпнұсқа қолжазбалары мен поэтикалық жинақтарынан көрме ұйымдастырылды.

«Ботай -  ұлы дала мәдениеті» көрмесі ашылды

Елордада Ботай мәдениетін паш ететін көрме ашылды. Түрлі жанр мен техникада орындалған картиналар суретші көзімен Ботай қонысын көруге мүмкіндік береді. Іс-шара Президенттік орталық пен Солтүстік Қазақстан облыстық музейінің бастамасымен қолға алынды. «Басты мақсат - әлем археологиясын дүр сілкіндірген Ботай қонысы мен ондағы жәдігерлерді, сонымен қатар отандық қылқалам шеберлерінің шығармашылығын насихаттау», - дейді ұйымдастырушылар. Көрме 11 наурызға дейін жалғасады.