Елордада «Бейбарыс» романының тұсауы кесілді

Осыдан ширек ғасыр бұрын ана тілімізге аударылып, жарык көрген арабтың халық романы «Бейбарыс» қайта басылып, оқырманға жол тартты.

Аты аңызға айналған сұлтан туралы тағылымды шығарма - Ұлы дала перзенті жайлы бірегей еңбек. Кітаптың тұсаукесері Елордада өтіп жатқан айтулы мәдени шара Халықаралық кітап көрмесі аясында өткізілді. Шараға зиялы қауым өкілдері мен әдебиет сүйер қауым қатысты.

Бұған дейін екі рет жарық көріп, қолдан қолға тимей кеткен халық романы Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына байланысты қайта баспадан шықты. Алты ғасыр бойы Мысырда ауызша айтылып келген, кейін ғана қағазға түсірілген романды қазақ тіліне тәржімалаған – белгілі журналист, жазушы Сауытбек Абдрахманов. Шытырман шырғалаңға, тартыска толы шығарма өте қызықты оқылады. Кітап тілі қазақтың жанына жақын ауызекі әңгіме айту мәнерімен өрілген.

Қуаныш Жиенбай, жазушы:

- Тілі өте қарапайым. Шолоховтың сөзі бар, сенің жазған шығармаң министрге де, етікшіге де түсінікті болу керек деген. Бүгінгі тұсауы кесіліп жатқан роман өте қарайпым, біз өзіміз батырлар жырын, ауызекі әңгімелердің барлығын құлақпен тыңдадық қой, сондай бір әуезді ерекше естігендей боп тұрасың.

Романда қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігі, асқан талантының арқасында қайраткерлікке дейін көтерілген даңқты Байбарыс сұлтанның ғажайып гұмыры баян етілген. Кітапқа кезінде халкымыздың дана перзенті Әбіш Кекілбаев алғы сөз жазған.

Сауытбек Абдрахманов, жазушы, аударма авторы:

- Тұсаукесер өткен кітаптың бір құндылығы біздің данышпан жазушымыз, тарихтың терең білгірі Әбіш Кекілбаевтың алғысөзі. Бұл алғысөзді оқудың өзі Бейбарыс туралы керемет мол мәлімет береді. Біз өз қал қадірімізше араб романының сөзінің сазы, мақамын, мәнерін сақтауға тырыстық.

Бұл роман елім, жерім деген әр қазақтың төрінде тұрарлық қымбат қазына. Романның осымен үшінші рет басылып отырғаны кітап ғұмырының әлі де ұзақ боларын айғақтайды.