352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Африка» зоологиялық аймағынан елордаға 20 аң тарту етілді

  • Read 154 times
«Африка» зоологиялық аймағынан елордаға 20 аң тарту етілді elorda.info

Шымкенттегі зообақта «Африка» зоологиялық аймағы пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатында облыс әкімі «Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» акциясы аясында аталған зоологиялық аймақтан елордаға 20 аң тарту етілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда инфо.

«Елімізде жалпы 3 зоосаябақ болса, соның бірі біздің облыста орналасқан. Осы нысанды жаңғырту мақсатында былтыр зообақта қайта құру жұмыстары басталған болатын. Мердігерлер өзіне тапсырылған міндетті орындап, жұмысты жоспар бойынша аяқтап отыр. Біздің бақтың өзге зообақтардан ерекшелігі қайта құрудан соң пайдалануға берілген «Африка» контингентіндегі павильондар ашық табиғи ортаға бейімделген. Мереке немесе демалыс күндерінде зообаққа келетін тұрғындар саны аз емес. Енді бүгінгі «Африка» аймағы ашылған соң қыдырушылар саны бұрынғыдан да көбейеді деп сенеміз!», – деді облыс басшысы.

Жиында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Астана қаласының 20 жылдығына орай Шымкент қаласының миллион тұрғындары атынан Астана қаласына жануардың 20 түрін сыйға тартатынын атап өтті. Атап айтқанда, арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары және басқа да жануарлар тарту етілмек.

Айта кету керек, «Африка» зоологиялық аймақтық құрылыс жұмысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Жобаның құны 627 114 мың теңгені құрайды.

Айта кетейік, Шымкент зообағы 1980 жылы құрылған. Зообақтың мақсаты – сирек кездесетін және жойылып жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту. Құрылған кезде зообақта 75 түрлі аң болса, бүгінде 249 түрлі 2 565 жануарға жеткен.

Зообаққа жыл сайын келушілер саны да артып келеді. Мәселен, 2017 жылы келушілер саны 426 мыңға жетсе, осы жылдың 3 айында 60 мыңнан астам адам келген. Зообақтың жалпы аумағы 29 гектарды құрайды. Оның 19 гектары түрлі экспозицияға арналған. Шымкент зообағы ЕАРАЗА-ның мүшесі (Еуразиялық аквариумдер мен зообақтар ассосациясы).

back to top
Хабар 24 телеарнасы