356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысындағы оқушылар елорда мерейтойына орай қандай кітаптар оқығанымен бөлісті

  • Read 182 times
Жамбыл облысындағы оқушылар елорда мерейтойына орай қандай кітаптар оқығанымен бөлісті

Жамбыл облысы Жуалы ауданында ауылдық 3 мың оқушы Астананың 20 жылдығына орай 20 әдеби кітапты оқып шықты.

Игі бастама 6 мен 10-шы сынып оқушылары арасында байқау түрінде ұйымдастырылды. Шара жеткіншектердің кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған. Сонымен қатар, ауданда алғашқы ақпараттық-цифрландыру орталығы ашылып, оқулықтар сандық жүйеге енгізіле бастады.

Балжан Нұрғалы мыңдаған баланың ішінен үздік шыққандардың қатарынан. Ол жоғарғы сынып оқушыларына ұсынылған 15 кітапты толық оқып шыққан. Байқау шарты бойынша барлық тапсырмаларды тиянақты орындап, бас жүлдені жеңіп алды.

Балжан Нұрғалы, оқушы:

- Осы Жуалы өңірінен шыққан Бауыржан Момышұлы, Бауыржан Үсеновтың, Шерхан Мұртазаның кітаптарын оқыдым. Олардың кітаптарын оқи отырып мен автор сипаттаған кейіпкердің образында болып, кітапқа еніп кеттім. Астанаға бұрындары барғанмын. Бірақ жеңімпаз болып бару, өзіңнің еңбегіңмен бару мүлдем бөлек нәрсе.

Оқуға еліміздің және жергілікті ақындар мен әлемдік деңгейдегі жазушылардың туындылары таңдап алынған. Бір жылға жуық уақытқа созылған байқау кезінде үздік шыққан 20 бала іріктелді. Олар оқулықтарды оқып, шығармалардан алынған сұрақтардан әзірленген тестті тапсырды. Одан кейін эссе жазып, осы арқылы қаншалықты түсініп, қабылдағандықтары анықталды. Енді бұл жеткіншектер Елорданың туған күнінде бас қалаға тегін жолдамамен саяхат жасап, демалып қайтады.

Фариза Оразымбетова, аудандық мәдени және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

- 20 баланың ішінде аудандағы шалғай өлкеден келіп отырған балаларымыз бар. Көп балалы семьядан шыққан балаларымыз бар. Үздік оқушыларымыз бар. Арасында Астанаға бармаған, Астана қаласын көрмеген оқушыларымыз бар. Сол балалар өз көздерімен көрсе. Сол жаққа Астананың да жерін басып, кішкене де болса ауасын жұтып сол Астананың ішіне екі күн енсе де сол Астананың әсерін алып келсе.

Қазір ауданда кітаптарды цифрландыру жұмысы қолға алынды. Ауданда бұл бағытта алғашқы ақпараттық-цифрландыру орталығы ашылып жұмысын бастады. Қазіргі күнге дейін 300 дана оқулық жүйеге енгізіліп қойған.

Бақыткүл Қанаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:

- Алдымен жұмысты бастамас бұрын біз авторлық құқығын бұзбауымыз керек. Ол жерде біз кітаптың түп нұсқасын сақтауымыз керек. Оны бүлдірмеуіміз керек. Екі жақты келісім-шартқа отырып бұл жұмысты біз қазіргі таңда бастап отырмыз. 

Облыста биыл IT сыныптарын ашу көзделіп отыр. Осы бағытта екі ауданда коворкинг орталығы ашылмақ. Оған Жуалы ауданында 1 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, қазір қажетті құрал-жабдықтар шетінен алынып жатыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

back to top
Хабар 24 телеарнасы