352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Made in KZ» тобы домбыраның үнімен Финляндияны таңдандырды

  • Read 447 times
  • Media
«Made in KZ» тобы домбыраның үнімен Финляндияны таңдандырды

Қара домбырамен тек күй мен терме орындап қоймай, әлемдік хиттерді де күмбірлетуге болады.

Қос ішекті ұлттық музыкалық аспап арқылы заманауи күрделі ырғақты да алып шығу қиын емес. Мұны «Made in KZ» отандық шығармашылық тобы дәлелдеп келеді. Жас та болса белгілі ұжым әлемге әйгілі әндерді домбырада орындайды. Жуырда өнерпаздар Финляндияға барып Астананың 20 жылдығына арнап концерт қойды.

Қалың жұртқа танымал халықаралық және отандық хиттерді қазақ домбырасымен орындау идеясы Бауыржан Итекеевке 3 жыл бұрын келді. «Made in KZ» тобының жетекшісі өзінің жобасымен тек Қазақстанда емес, шет елдерде таныла бастады. Жас дарындар құлаққа жатталып қалған ноталарды күмбірлеген үнмен орындап, тыңдармандарын тамсандырудан жалыққан емес. Жуырда ғана олар қоржынына «Отель Калифорния» композициясының кавер-нұсқасын қосып алды.  

Заманауи домбырашылар Қазақстанның бірнеше қаласымен қатар Түркия, Ресей, Малайзия, Сингапур және жоғарыда айтылғандай Финляндияда болып қайтты. Және әр жерде олардың шығармашылығына деген сұраныс жоғары. Қазақстан елшілігінің шақыртуымен Хельсинки қаласына жол тартып, елорданың 20 жылдығына орай керемет концерт қойды. Отандық хиттерді мінсіз орындап шыққан таланттарға көрермендер зор қошемет көрсетті.  

Бауыржан Итикеев, «Made in KZ» тобының жетекшісі:

- Домбырада міндетті түрде қазақ күйлерін ғана емес, кез келген әуенді ойнауға болады. Мысалы, әлемдік хит пен классиканы да. Өйткені домбыра 7 нотаны таза бере алады. Мен бұл сөзіммен кәсіби музыканттарды таң қалдырдым деп ойламаймын. Дегенмен көп адамдар «екі шекті музыкалық аспапта қалайша осындай әуендерді ойнауға болады?» деп таң қалып жатады. Бір кездері дәл осылай «Ұлытау» этно-рок жобасымен Асылбек Еңсепов бастаған болатын. Біз – осы сара жолдың ізбасарларымыз.

Музыкаға деген сүйіспеншілігі бала кезде байқалғанымен, Бауыржан домбырада ойнауды жақында ғана үйреніп, қабілетін әлі күнге дейін шыңдап келеді. Бүгінде ол «ұлттық аспапты меңгеру – әрбір қазақтың міндеті» деп есептейді.

Аспабындағы басты айырмашылығы, электронды дыбыс түсіргіштер болып саналады. Сол арқылы сапалы әрі таза дыбыс шығаруға мүмкіндік туады.

Аслан Нұғыманов, домбырашы:

- Топтың бірден-бір мақсаты – қазақтың қара домбырасын танытсақ, шетелдік азаматтар көрсе, білсе, қызығушылық танытып, ойнауды үйренсе дейміз.

«Made in KZ» жобасының арқасында қазақ халқының ұлттық аспабы домбыра Интернет кеңістігінде де кеңінен танылып келеді. Музыканттар танымал әндердің кавер-нұсқаларын әлеуметтік желілерде жиі жүктеп отырады.

Осылайша жігіттер ұлттық аспаптың әлеуетін одан ары арттыру мақсатын ұстанған. Жақын арада топ ресейлік орындаушымен авторлық композицияға дуэт жазып, жаңа бейнебаяндарын ұсынбақ.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақерке Әбдуалиева, Ерлан Наурызбаев

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы