353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда «Ұлы дала Астанасы» кітабы жарық көрді

  • Read 137 times
  • Media
Түркияда «Ұлы дала Астанасы» кітабы жарық көрді

Түркияның бас қаласы Анкарада елорданың 20 жылдық мерейтойына орай конференция өтті.

Шараға түріктің белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен қазақ диаспорасы өкілдері қатысты. Алқалы жиын аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Ұлы дала Астанасы» атты кітабы көпшілікке таныстырылды.

Түркияның төрінде өткен Астананың 20 жылдығына арналған бүгінгі конференцияға түріктің ықпалды саяси тұлғалары, танымал ғалымдары мен іскер топ өкілдері бас қосып, еңселі елордамыздың қалыптасу тарихына қатысты мазмұнды баяндамалар жасады. Мысалы, Түркия президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу бүгінде Астананы Қазақстан жетістіктерінің айнасына теңеді. «Астана – байырғы байтақ даланың басты орталығы. Жаңа қоныстан сәулет өнерінің соңғы технологиясымен салынған заманауи ғимараттармен қатар қаймағы бұзылмаған қазақтың көне мәдениетінің әралуандығын көре аламыз. Астананың айбары – Қазақстанның және күллі қазақ бауырларымыздың биік мәртебесі мен асқақ абыройы», – дейді ол.

Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:

- Астананың Астана болып қалыптасуында түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық рөлі аса зор. Мен үнемі Астана мен Анкара бауырлас қалалар деп айтып жүремін. Өйткені Түркияның негізін қалаушы, қаһарманымыз Мұстафа Кемал Ататүрік Анкараны бас қала деп жариялау себебі қандай болса, көреген саяткер, білікті басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың орталықты Алматыдан Астанаға көшіруі дәл сондай тарихи маңызды шешім болды. Сондықтан ұлы тұлғалардың өмірі, көзқарасы, құндылықтары бір-біріне ұқсайды және толықтай үйлеседі. Екеуі де еркін, азат және зайырлы мемлекет құру жолында халықтың рухын қайта тірілтті.

Конференция жұмысы «Түркі әлемінің жаңа дәуірі», «Әлемге ашылған қақпа», «Астана туралы толғаныс» және «Ел тарихындағы тың бастамалар» тақырыптары бойынша өрбіді. Алқалы жиын аясында «Ұлы дала Астанасы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа жинақта Түркияның 11-президенті Абдулла Гүл, тәжірибелі саясаткер Ялчын Топчу, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің экс-төрағалары Хикмет Четин мен Жемил Чичек, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас xатшысы Халил Акынжы бастаған саяси тұлғалармен өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлерінің Астана жайлы және Елбасының бауырлас қос елдің өзара байланысын дамытудағы маңызды рөлі туралы толғаныстары, сараптамалық мақалалары, зерттеу еңбектері мен жылы лебіздері беріліп отыр.

Мұса Йылдыз, қазақ-түрік университеті өкілетті кеңесінің төрағасы:

- Астана – түркі дүниесі мен әлемдік қауымдастық үшін өте маңызды қала. Ол – бейбітшілік ордасы. Сириядағы азаматтық соғысты қарумен емес, келіссөз арқылы шешудің теңдессіз үлгісін көрсетіп, халықаралық ауқымды шараларды табысты өткізе білген Астананың абыройы асқақтап тұр.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:

- Бүгінгі кешке барлық қатысушылар, пікір білдірушілердің айтқан ортақ ойы Астана – солтүстік пен оңтүстіктің, батыс пен шығыстың тоғысында жатқан тек Қазақстан үшін емес, түркі әлемінде ғана емес, жалпы Еуразия құрлығындағы жас қала. Жас қала болғанына қарамастан өзінің беделін, айрықша орнын, дипломатиялық жетістікігін, бейбітсүйгіш статусын дәлелдеген келешегі зор қала ретінде мойындап отыр.

«Түркі әлемінің жаңа дәуірі» кітабында Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүл Астананың жаңа мегаполис ретінде қалыптасуы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған стратегиялық саясаты һәм кемел көрегендігімен сабақтастырады. Ол «елорданың 20 жылдың ішінде айбынды қалаға айналуын ғажап жетістік пен толағай табыс» деп атап өтті. Жаңа жинақ қазақ және түрік тілдерінде жарық көрді. Ұйымдастырушылар бұл туынды бауырлас екі елдің саяси және мәдени байланыстарының нығаюына серпін беретініне сенімді.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы