359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда Астана даңғылы пайда болды

  • Read 192 times
Талдықорғанда Астана даңғылы пайда болды

Астананың 20 жылдығына орай Талдықорғанда бірқатар жаңа нысан ашылып, үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілттері табыс етілді.

Сондай-ақ Алматы облысының орталығында бүгінгі мерекеге орай Астана даңғылы пайда болды. Қазір «Жастар» саябағында «Ел мақтанышы – Астана» атты мерекелік шара өтіп жатыр.

Астананың 20 жылдығына орай Жетісу төрі Талдықорғанда бүгін екі үлкен даңғыл мен екі көше ашылды. Олардың бірі «Астана» атауын алса, қалған үшеуіне ғұлама тарихшы Қадырғали Жалайыри, еңбек ері Зылиха Тамшыбаева және Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов сияқты белгілі тұлғалардың есімі берілді.

Оңдасын Әшімов, Бәйкен Әшімовтың ұлы:

- Бұл – өте қуанышты жағдай. Себебі әкеміздің аты осы Жетісу өңірінде мәңгілікке қалатын болды. Жастар білетін болды. Астананың 20 жылдығы – еліміздің мерейтойы. Ұлы той.

Сонымен қатар Талдықорған – Алматы тас жолының бойында орнатылған «Жетісу белгісі» аркасы ашылып, мерекелік автошеру мен «Астана құрдастары» марафоны өтті. Ал «Жастар» саябағында «Жарқыра, жайна – Астана» атты елорданың құрылуы мен дамуына және бүгінгі жетістіктеріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баспана кезегінде тұрған азаматтар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.

Қарлығаш Күдеринова, қала тұрғыны:

- Бүгінгі Астананың 20 жылдығында пәтердің кілтін алып жатырмыз. Ең бірінші, Елбасымызға рақмет! Астана күнінде елдің бәріне тілейтінім – бәрі баспаналы болсын! Алла Тағала жақсылық берсін!

Иә, Астананың 20 жылдығында пәтерлі болып, қоныс тойын тойлап жатқан азаматтардың қуанышында шек жоқ. Олар «Бұл күн біздің жадымызда мәңгі сақталатын ең жарқын сәттердің бірі болып қала береді. Астанамыз асқақтап, күннен күнге құлпырып, гүлдене берсін!» – деп ақ тілектерін жаудырды.

Талдықорғандағы мерекелік шаралар «Астана – еліміздің жүрегі» атты жастарға арналған бағдарламаға, ал оның соңы отшашуға ұласатын болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

back to top
Хабар 24 телеарнасы