363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Шенеунік» сөзінің несі жаман?

  • 233

«Хабар 24» арнасында жаңа телемаусым басталды. Назарларыңызға жаңалықтар топтамасының жаңа айдарын ұсынамыз. Күнделікті тілшіміз Жасын Біркенов баспасөзге шолу жасап, қазақ басылымдарында жарияланған қызықты әрі маңызды жаңалықтармен бөлісетін болады.

Жасын Біркенов, тілші:

– Павлодар облысындағы «Сарыарқа самалы» деген газеттің алтыншы бетін ашсаңыз, журналист Мұрат Аяғановтың «Ой-тамызық» айдарында жарияланған ойтүрткісін оқуға болады. Орысшалап «Чиновник» деп, тақырып қойған. «Анау шенеунік жеп қойыпты», «Түнеукүні мынадай шенеунік ерсі қылық жасапты», «Енді ана бір шенеуніктің аузы қисық, мынаусының ісі бұзық» деген сөз тіркестерді ақпарат айдынында жиі кездестіруге болады», деп налиды әріптесім.

Бүгінде өз міндетін салқын, немқұрайлы атқаратын, халық мәселесіне ешбір қызығушылығы жоқ, бюрократтық әрекеті басым мемлекеттік қызметкерді «шенеунік» деп атауға қоғам үйреніп кеткен секілді. Сондықтан болар, «Қолдарында билігі немесе қаржысы бар барлық басшылық өкілдерін осынау құлаққа ұсқынсыздау естілетін бір ғана ұғымға сыйдыра салғанымыз қаншалықты орынды?» деп сұрақ қойып отыр мақала авторы.

Павлодарлық журналистің бұлай деп жазуына өткен аптада қайғылы жағдайда отбасымен бірге қаза тапқан Мәдениет басқармасы басшысының өлімі себеп болды. Дәлірек айтқанда, бұл оқиғаға қатысты кейбір республикалық ақпарат құралдары «көңілге дық түсіретін жазбалар жариялады» деп, Мұрат Аяғанов өкінішін білдірді. «Чиновник и его семья погибли в ДТП», «Чиновник погиб...» деген тақырыптар жиіркенішті көрінеді», – дейді ол. Павлодарлық әріптесіміздің айтуынша, марқұм Ардақ Райымбековты бүкіл облыс қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде артына ел айта жүрер толымды іс қалдырған арда азамат ретінде біледі.

«Шенеунік» сөзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да ұнамайтын көрінеді. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы «шенеунік – хандық сөз, шендерден шыққан» деп айтқан сөздері қазір есіме түсіп отыр.

«Сондықтан мемлекеттік қызметті біз құрметті, адал етуіміз керек, ол жаққа барлығы барғысы келетіндей етуіміз қажет», - деп айтқан болатын сол кезде Президент.

«Қостанай таңы» газеті Рудный қаласындағы пәтерлердің бірінен граната табылғаны туралы жазады. Тәртіп сақшылары шаһардағы фирмалардың бірінің директорынан 15 мың АҚШ долларын бопсалаған азаматты ұстаған. Сөйтіп, полицейлер күдіктінің үйін тінтіп, танкіге қарсы қолданылатын граната тауып алады.

«Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін тінту кезінде танкіге қарсы қолданылатын «РПГ-22» гранатасын тапты. Ол қолдануға жарамды болып шықты. Сонымен қатар олар 7,62 мм екі оқ тапқан. 45 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды».

Ал «Жаңақорған тынысы» Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақ балаларына алаңдаушылық білдіріп отыр. Басылымның алғашқы бетінде жарыққа шыққан мақалада «Кореяда қара жұмыс істеп жүрген 100 мың қазақстандықтың 20 мыңы – заңсыз эммигранттар» делінген. Мұндағы жалақы мөлшері 500-800 мың болғандықтан, біздің отандастарымыз шетелге кетуге ықтияр.

Жалақысы аз жұмысқа орналасқаннан гөрі, шетел асып, жағдайымды жасап алайын деген тұрмыстық сана үстемдік құрғаны жасырын емес. Сондықтан «Жаңақорған тынысы» газеті белгілі ата сөзді қазіргі заманға ыңғайластырып, «өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол» деп жазады. Не десек те, бұл – әркімнің жеке шаруасы. Айтпақшы бұл материалды жазуға біздің арнамыздан өткен бейнематериал түрткі болыпты.

«Егемен Қазақстан» газетінде «Хат қоржын» деген айдар бар. Оқырмандардан келетін алуан түрлі ойтүрткілер басылады. Сондай мақалалардың бірінде Ержан Тәліп есімде азамат өкінішін білдіріпті. Оның мәні мынада. Бүгінде қыз ұзату тойында ұзатылатын қызды күйеуі көтеріп əкетсін деген «дəстүр» шығыпты. Бұл – шетелге еліктеуден туған дүбəра дəстүрдің бірі. Жігіт қалыңдығын аялап өтсін деген тілектен туған-мыс. Сондықтан автор «аялау мен «арқалауды» шатастырмаңдар», – дейді.

«Ау, айналайын-ау, аялау басқа, «арқалау» басқа. Ал түйенің жарты етіндей қалыңдығын көтерем деп күлкі болған күйеулерді де көрдік. Бірінші күннен қолыңа көтеріп алсаң, екінші күні қалыңдығың секіріп басыңа шығады. Сонда атамыз қазақтың «қатынды бастан» дегені қайда қалды? Ойланыңдар, жігіттер, аялау мен «арқалауды» шатастырмаңдар»!

Хабар 24 телеарнасы