359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жастардың ауылға деген ынтызарын арттыру қажет

  • 491

«Халықты ауылға тарту – мемлекеттік идеологияның өзегі болуы керек». Бүгін ғана «Егемен Қазақстанда» осы тақырыпта мақала шыққан екен.

«Бізді ауылдың алдағы 30-40 жылдағы болашағы толғандырады. Тұрғындар миграциясының жылдан жылға өсу тенденциясына қарағанда, осы мерзімде теріскей облыстардың ауылдарында жұмыс істеуге қабілетті адамдар қалмайтын сияқты. Ауылға жаңа технология, озық техника жеткізуден бұрын бізді осы мәселе қатты ойлантуы керек секілді. Өйткені адамды асырайтын қара жеріміз бен жайылымдарымыз бос қалып, азық-түліктің бәрін сырттан таситын жағдайға жетіп қалуымыз мүмкін» деген екен мақала авторы. Тілші тіпті ауылдың мәртебесін көтеру үшін ұсынысын да қоса жазыпты. Мақаладан үзінді.

«Өткен ғасырдың 30-60 жылдарында ауыл еңбегін дәріптейтін, ауыл мамандықтарын насихаттайтын қаншама тамаша кинолар, театр туындылары, көркем шығармалар, ән-жырлар болды. Мәселен, «Өз отыңды өшірме», «Трактористер» деген фильмдер, «Шопан әні», «Тракторшы қарындас», «Жылқышының әні», «Су тасушы «водовоз» сынды тамаша әндер ауылдағы барлық мамандар мен мамандықтарды қатты насихаттап, жастарды елеңдетті. Сондықтан бұрынғы «Шопандар тойы», «Малшылар слеті», «Сабан той» деген сияқты спорттық жарыстармен үйлестірілетін әдемі жиындар жаңа мазмұнмен толықтырылып, тұрақты өткізіліп тұрса да, жастардың ауылға деген ынтызары артады».

«Ауылға жастарды тарту идеологиясын қызу жүргізумен қатар, мемлекет барлық өңірлерге, тіпті түкпірлердегі қоныстарға дейін қатты жолдар тарту және шағын фермерлерге түрлі жеңілдіктер беру бағдарламасын да қолға алуы керек. Сонда ауыл жайнап, дала ойнап кетер еді ғой», - деп автор мақаласын түйіндеген екен. Ләйім солай болғай.

 

Павлодар өңірінде жас қыздардың жүкті болу дерегі азаймай тұр

«Ерте жүктілікке кім кінәлі?» «Сарыарқа самалында» әлгінде ғана жарық көрген мақаланың тақырыбы бұл. Осылайша, тілші жас қыздардың ерте кезден жүкті болып жатқандығын жазған екен.

Тілші мақаласында мұны да қоса қамтыған екен. Келтірген дерегінше, бір ғана Павлодар өңірінде өрімдей жас қыздардың жүкті болу дерегі азаймай тұр. Мысалы ағымдағы жылдың басынан бері кәмелетке толмаған 18 қыздың аяғы ауыр болған. Сонымен қатар тағы 13 жасөспірім жасанды түсік жасатыпты. Бұл – құзырлы мекемелерде ресми түрде тіркелгендердің ғана саны. Ал бейресмиі қаншама десеңізші?! Бұған кім яки не кінәлі? Жауап мақалада.

«Өздеріңіз білесіздер, қазір үйде де, мектепте де, жұмыс орындарында да тегін интернет бар. Яғни, әлеуметтік желілерден қалағанын тауып, көргісі келгенді көре береді. Мұның зиянды тұстары да бар. Себебі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер одан керегін де, керексізін де тамашалайды. Әсіресе, оңы мен солын әлі ажырата қоймаған жасөспірімдер ата-аналары көп сөз ете бермейтін кейбір құпия дүниелерді осыдан үйренеді де, одан кейін соған өздері барады».

«Тәрбие – тал бесіктен» дейді халық даналығы. Әсіресе, қыз балаға қырық үйден тыйым салып, оның жүріс-тұрысы мен араласатын ортасын жіті бақылап отырған абзал. Белгілі айтыскер ақын Мұхаммеджан Тазабеков бір сөзінде: «Бір ұлтты жою үшін оның әйелдерін бұзу керек. Сонда олар нағыз батырларды тәрбиелей алмайды» деген екен. Сондықтан қыздарымыздың болашағына атүсті қарамайық», - деп автор мақаласын түйіндеген екен.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы