369.36 436.00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызу талқыға түскен Қырғызстандағы көкпар. Бекболат Тілеуханның жауабы

  • 419

«Арыстанбек Мұхамедиұлының министрлігі жоспарлы түрде қаржы игермей отыр». Бұл – «Жас Алашта» жарық көрген мақаланың тақырыбы.

«Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ашулы көрінді. Жиын барысында 8 айда қаржы игере алмағандардың ешқайсысын аямады. Бәрін сөзбен түйреп шықты. Ақордада үлкен ауыс-түйістердің алды басталып жатқанда Үкімет жетекшісінің көңіл-күйінің бұзылуына не себеп болды екен? Осы жиында Бақытжан Сағынтаев қол астындағыларға зіркілдеумен болды», – дейді автор.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Бақытжан Абдирович, бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

– Қалай жоспарлы түрде жүреді? 8 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген ақша осынша болса… Сонда жоспарлы түрде игермей отырамыз ба?

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Бір техникалық сұрақтар...?

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

– Қалай техникалық сұрақтар? 11 миллиард теңге. Білесіз бе, бұл ақшаға қаншама мектеп соғуға болады. Қаншама шақырым жол жөндеуге болады. Қаншама балабақша соғуға болады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Жылдың аяғына дейін игереміз, Бақытжан Абдирович…

Мәдениет министрі осылайша ақталып бақты ма, әйтеуір «қаражатты игереміз», – деп Үкімет басшысын сабырға шақырғандай болыпты.

Басылымның жазуынша «игерілмеген қаржының ең көбі Қорғаныс министрлігінің еншісінде екен. Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне сүйенсек, Қорғаныс министрлігі 15,4 миллиард теңгені игермеген. Ал оған өз кезегінде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Біз оны білеміз. Қолдап жатырмыз. Міндетті түрде нақты шаралар жасайтын боламыз» депті. Мұндай жағдай Ішкі істер министрлігінде де бар. Қалмұханбет Қасымов «Бақытжан Әбдірұлы, игерілмеген 4,5 миллиард теңге келісімшартта тұр. Қыркүйекке дейін орындаймыз», – десе, Бақытжан Сағынтаев қабақ шытып, «Қалай сонда, біз қазір қыркүйектің ішінде отырмыз ғой» дегенін жазған екен тілші. Ал Ішкі істер министрі «Мәселе «Қорғаспен» болып жатыр. Бәрін орнына келтіреміз. Қалғандары экономия. 2,9 миллиард теңге» дегені сол-ақ екен, Сағынтаев мырза «Өтірік айтқанда да, дұрыстап айту керек қой» деп әңгімені шорт кесіпті. Осы кезде Ішкі істер министрі сазарып, отырып қалды» деп жазған екен мақала авторы.

Ал Бекболат Тілеухан желіде тараған видеоға қатысты жауап берді. мұны «Қазақ үні» жазған. Қырғыз жерінде өткен көкпарда қазақ ойыншыларының өзбек жігіттерінен жеңіліп қалғаны қоғамда қызу талқыланған әңгімеге айналғаны ақиқат. Міне осы тұста сынның астында қалған ұлттық спорттың тізгінін ұстаған Бекболат мырза былайша жауап берген екен.

«Бұл жолы бізден ересектер құрамасы барған жоқ. Былтыр ересектер құрамасы барған кезде біздің көкпаршылар екінші орын алды. Үнемі алда болды. Бір шетінен бұл Азия чемпионаты немесе үлкен дода емес. Бұлардың жанында қарапайым фестиваль ғой. Сондықтан біз додаға жастар командасын салдық. Олар да барып, сыннан өтулері керек. Мақсатымыз орындалды. Барды, ойнады. Өз басым өте жақсы дәрежеде өнер көрсетті деп ойлаймын», – деген Бекболат Тілеухан сөзін де келтіріпті басылым өкілі.

Астанада пәтерлерге жылу қашан беріледі? Дәл осы тақырыпта «Егемен Қазақстанда» мақала шықты. Автордың айтуынша, елорда жылу маусымына 97 пайызға дайын.

Басылымның мәліметінше, егер орта тәулікпен даладағы температура бес күн ішінде +10°С болса, алтыншы күні Астанадағы пәтерлердің тұрғындарына көптен күткен жылу жіберіледі.

«Астанада 2 414 көпқабатты тұрғын үй орталық жылуға қосылған, 2 261 алдағы жылу маусымына дайындық бойынша барлық жұмыстар атқарылды. Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Астанадағы тұрғын үйлердің 94 пайызы жылу маусымына дайын».

«Егемен Қазақстан» жазғандай, жылу ең бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар – яғни балабақша, мектеп, ауруханаларға беріледі. Қоғамдық нысандардан соң, пәтерлерге жылу барады.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы