Т. Сүлейменов: Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары – экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 361,07

EUR 409,95

РУБ 5.43

Т. Сүлейменов: Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары – экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу

Т. Сүлейменов: Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары – экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу Фото: primeminister.kz

Отандық сарапшылар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын талқылады. Жеті жылға жоспарланған жаңа құжатта ұлттық экономиканың тұрақты дамуы қарастырылған.

Жеті жылда жеті реформа. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары сан саланы жаңғыртуға бағытталған. Осылайша сапалы һәм тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізіп, жалпы ішкі өнім адам басына шаққанда 46 мың доллардан асуы тиіс. Құжат жыл бойы сарапшылардың тікелей араласуымен әзірленді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Бұл құжат – Елбасының Ұлт жоспарын және «Стратегия-2050» бағдарламасын жүзеге асырудың құралы. Экономикалық өсімнің жаңа моделін құру үшін біз 7 негізгі реформаға басымдық беріп, 7 жүйелі саясатты іске асыруды жалғастыруды шештік.

Ортамерзімді жоспардың мазмұнына оралайық. Әңгіменің басы сонда жатыр. Жеті реформаның бірі технологиялық жаңару мен цифрландыру. Бұл орайда жаңа отандық технологиялар әзірленіп, өнімділігі жоғары кәсіпорындар ашылады. «Жасыл технологияларды» дамытуға арналған халықаралық орталық құру да жоспарда бар.

Жақсыбек Күлекеев, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі:

– Мына дайындалған бағдарламаның ең негізгі жетістігі технологиялық тұрғыдан модернизация жасауымыз керек. Одан бөлек «Рухани жаңғыруды» да естен шығармағанымыз жөн. Ол туралы Елбасы да қайта-қайта айтып жатыр. Бұл жобаның елімізге, бізге үлесі көп болады деп ойлаймын.

Ал технологиялық жаңару үшін мамандар дайындау қажет. Ол үшін жаңа құжат адами капиталды дамытуды көздейді. Мұнда кадрларды даярлау, мектептер мен балабақшалар салу, кәсіпкерлікті дамыту қарастырылған. Сарапшылар жеті жылға шақталған Стратегия бас бармақпен бағалауға тұрарлық дейді.

Олжас Құдайбергенов, Стратегиялық бастамалар орталығының аға әріптесі:

Мен экономика жағын айтып кетейін. Біріншіден, ол бюджетке түсетін ақшаның көлемін үлкейтеді. Қазір бюджет ЖІӨ салыстырсақ, оның пайызы 17-18. Ал бұл көрсеткіш 25 пайызға дейін өседі. Екіншіден, экономиканы есейлендіру. Қазір оның да деңгейі 18 пайыз болып тұр. 7 жылдан кейін ол 50 пайызға дейін өсуі керек.

Жаңа жоспар 2025 жылға қарай импорт көлемін 40 пайызға дейін төмендетуді қарастырады. Қазір бұл көрсеткіш 70 пайыздың шамасында. Демек күнделікті тұтынатын тауарлардың өндірісін мықтап қолға алмақпыз. Құжат келер жылдың басынан жүзеге аса бастайды.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ө.Ізімов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде