USD 339.95

EUR 394.60

РУБ 5.34

Ақордада мемлекеттік марапаттар мен сыйлықтарды табыстау рәсімі өтті

Ақордада мемлекеттік марапаттар мен сыйлықтарды табыстау рәсімі өтті akorda.kz

Ерен еңбегімен ерекшеленгендерге Елбасы мемлекеттік наградаларды табыстады. Жоғарғы марапатқа 29 азамат ие болды. Ал 4 ғалымға ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық бұйырды.

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

Мемлекеттік марапат кез келгеннің уысына түспейді. Оны ерен еңбегімен ерекшеленгендер ғана иеленеді. Бұл қалтқысыз қызметке берілген баға. Көрсетілген құрмет.

Бүгін өлшеусіз еңбек ақталған күн. Бұл салтанатқа келгендердің қай-қайсысын алсақ та – үлгі тұтарлық азаматтар. Ел дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар. Олар Ақорданың төрінде Елбасының қошеметіне бөленуге әбден лайық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызды егеменді еліміздің ең ұлық, басты мерекесі Тәуелсіздік күні ертең болатын шын жүрегіммен құттықтаймын! Сіздер арқылы бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймын! Бұл ғасырлар бойы азаттықты аңсаған бабаларамыздың арманы болған қастерлі мейрам. Тәуелсіздікке тәу ететін халық үшін бұдан басқа маңызды мейрам болмаса керек. Ұлық мерекеміз қарсаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша, ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтарын марапаттау игі дәстүр екенін бәріміз білеміз. Оның үстіне биыл елордамыздың Алматыдан Ақмолаға көшірілуіне 20 жыл толды. Жаңа мыңжылдық қарсаңында сайын далада бой түзеген әсем Астана Тәуелсіздіктің тұмарына айналды. Осындай айтулы күні мәртебелі марапатқа айналуының символдық мәні өте зор деп ойлаймын. Сондықтан Ақорданың төріне жиналып, сіздер үшін бүгін ерекше мерейлі күн әрине.

Биыл еліміздегі ең жоғарғы марапат Қазақстанның Еңбек ері атағына 3 азамат лайық деп танылды. Соның бірі Жақсылық Үшкемпіров. Оның есімін білмейтін қазақ жоқ. Боз кілем үстінде талайды жыққан балуан бүгінде ата-баба дәстүрімен аламанға ат қосып, сәйгүлік баптайды.

Мал етін экспортқа өткізіп, талайды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Тапқан табысына ауылда жас отбасыларға баспана салып берді. Ізін басып келе жатқан жастарға арнап, спорт кешенін тұрғызды. Жаны жақсылыққа құмар Жақсылықтың бар ойлағаны елдің қамы.

Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Менің бір арманым бар. Осы көп болса, бір 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сонда 5 мың қазақтың жігіті сол ауылымызды көтеріп жіберсек. Одан басқа қандай бақыт керек?! Міне мінкей мен соны ойлаймын, аға. Бірігіп, әрі талай таудан тауға жетеміз, бірігіп, шыңға жетеміз, аға!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірнеше мәрте Совет одағының жеңімпазы болды. Ешкім айтқан жоқ, Олимпиаданы жеңді, дүниежүзінің чемпионы болды оны да ешкім айтқан жоқ. Міне қазір Тәуелсіздік жылдарында біраз азамттар қалталы болды, байыды. Сол үшін мен қызмет істеп жүрмін. Енді тапқанның біразын елге берсін де сен сияқты. Жас жұбайларға пәтер салып берсін, балабақша салды, спорт комплексін салды. 200 бала күресіп жатыр

Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Барлығын қолымнан келгенше көмектесем. Одан кейін қаншама адамдар маған келеді. Жетім-жесірлер. Қолымнан келгенше соларға көмектесем. Қолымда малым бар. Бөліп берем соларға.

– Қазақстан баласы жасамаған сен гертруда пародасын шығарып, ет сатып жатсын. Жарайсың!

Еліміз Тәуелсіздік алған кезде Елбасы алдымен өңдіруші өнеркәсіпті дамытуға екпін салды. Тұралап қалған кәсіпорындарды жандандыру үшін инвестиция тартылды. Сол кезде шетелдік алпауыт компанияда еңбек етіп, білімімен өзін мойындатқан қазақ жігіті Руслан Қуатов та бүгін  Еңбек Ері атанды. «Бұл барлық мұнайшыларға көрсетілген құрмет», – деді Елбасы. Тағы бір атақ «Астана ЭКСПО» ұлттық компаниясының басқарма төрағасына табысталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл Қазақстанның Еңбек Ері атағы А.Смағұловқа берілді. Ол менің сенімді серіктестерімінің бірі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға үлес қосты. Үкімет басшысының орынбасары, министр, Алматының әкімі қызметінде болып, ел дамуына ерекше еңбек сіңірді. Ел мүддесін берік ұстайтын отансүйгіш ретінде өзін көрсетті. Биыл бәріміз куә болған, абырой мен бедел әкелген халықаралық ЭКСПО көрмесін өте табысты өткізді.

Ахметжан Есімов үшін бүгін ерекше күн. Туған күнінде жоғарғы марапатты иеленді.

Ахметжан Есімов, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Тәуелсіздіктің бірінші жылдарынан бастап Сіз маған үлкен сенім артып келе жатырсыз. Сондықтан өткен 26 жылдың әр жылы жақсы есімде. Оңай жылдар болған жоқ, әсіресе алғашқы жылдар. Кеңес одағынан қалған ыдыраған экономика, жұмыссыздық. Сонда халық өз үмітін Сізге жүктеп, тек қана Сізге сенді. Сіз сол сенімді абыроймен атқардыңыз. Бүгінгі Қазақстан дүниежүзіне танымал өркениетті мемлекет.

Еліміздің атын әлемге әйгілеген спортшылардың да еңбегі зор. Шаршы алаңда ел намысын қорғаған ердің бірі Қанат Исламға Президент «Құрмет» орденін табыстады.

Бұл марапат ел үмітін арқалаған ұлдың жігерін қамшылай түседі. Тек алға ұмытылдырып, жеңіске жетелейді.

Қанат Ислам, «Құрмет» орденінің иегері:

– Іні-қарындастарымыз біздерге қарап, бой түзеп, өсіп жатыр. Соларға дұрыс жол көрсету, үлкен додаларда қазақ елінің Әнұранын ойнату бұл –  спортшылар үшін үлкен жауапты міндет. Сол үшін бұл маған өте бір рухани күш. Жігер береді. Алдағы өзімнің жүгімнің ауырлап жатқанын, жауапкершіліктің үлкендігін сезініп жатырмын. Сол үшін елім дейтін, ерім дейтін Елбасымен, тәуелсіздігімізбен мақтанамыз!

Өз өмірін қатерге тігіп, 3 адамды ажалдан арашалап қалған бейбіт күннің батыры бұл. Өрт сөндіруші Руслан Базарбаев жасаған көзсіз ерлігін күнделікті міндеті деп түсінеді.

Руслан Базарбаев, «Ерлігі үшін» медалінің иегері:

– Осы медальді Елбасының қолынан алу – мен үшін үлкен марапат. Абырой. Күн сайын бізде сондай жұмыс. Әрбір өрт сөндіруші күнде-күнде сондай ерлік жасайды.

Руслан сынды батыр ұлдарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаздардың да еңбегі ескерусіз қалмады. Базаркүл Бердікенова 35 жыл білім саласында қызмет етіп, 100-ден аса шәкіртті білім нәрімен сусындатқан. 

Базаркүл Бердікенова, «Құрмет» орденінің иегері:

– Қатты қобалжыдық Елбасының қолынан алған кезде, ұлы Абай айтқандай ақырын жүріп анық бас, еңбегін кетпес далаға деп. Мінекей ұстаздық еңбегім бағаланып, үлкен мәртебеге ие болдым.

Биліктің бишігін ұстағандар да қошеметке бөленді. Аянбай еңбек етіп, елі мен Елбасының сенімінен шыққандар кеудесіне төсбелгі тақты. Бірақатар лауазымды тұлғаға «Отан», «Парасат» ордендері табысталды.

Өнерімен көпті тамсандырып, сұлулығымен таңдай қақтырған қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешова да мемлекеттік награда алды.

Меруерт Өтекешова, «Парасат» орденінің иегері:

– Орден алғанда, көзімнен жас алдым шын айтсам. Әлі қобалжып тұрмын. Әлі сөз таба алмай жатырмын.

Тәуелсіздік жылдарында ғылым дамыды. Соған сүбелі үлес қосқан 4 ғалым, ғылым мен техника саласындағы  мемлекеттік сыйлықты иеленді. Ал ел күзетіп, Отан үшін отқа түсуге дайын әскерилер «Ерлігі үшін» медалін,  «Даңқ», «Айбын» ордендерін кеудесіне тақты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның 18 млн халқының ішіндегі сіздерге осындай марапат алу дәрежесі алдарыңызға келді. Бірнеше мың марапат иелерінің ішінде өз қолыммен тапсыруға мүмкіншілік алдым. Сондықтан мұнын барлығы  – ерен еңбектеріңізді арқасы. Әр уақытта денсаулықтарыңыз мықты болсын! Бүкіл жұртқа үлгі болып жүре беріңіздер. Мен марапатты беруден жалықпайын, сіздер еңбектен жалықпаңыздар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын! Еліміз бақытты болсын! Қуанышымыз ұзағынан болсын!

 

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ержан Қанапияұлы, Хасен Омарқұлов 

Хабар 24 әлеуметтік желілерде