USD 341.08

EUR 394.60

РУБ 5.34

Сенат БАҚ туралы заң жобасын мақұлдады

Сенат БАҚ туралы заң жобасын мақұлдады

Еліміздің «Отау тв» спутниктік желісі арқылы шетелдік телеарналар көрсетілмеуі мүмкін. Бұл мәселені қазір Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қарап жатыр. Сенаторлар да осыған қатысты сауалдарын қойып, тақырыпты кеңінен талқылады. Сондай-ақ жоғарғы палата өкілдері бірқатар құқықтық құжатты да қабылдады.

Ел аумағында ресейлік кейбір телеарналар неліктен көрсетілмей қалды? Бүгін Сенат қабырғасында қаралған ең маңызды мәселе осы болды. Жоғарғы палата депутаты Дариға Назарбаева БАҚ туралы заң жобасын таныстырған Дәурен Абаевтан осының себебін сұрап, сауал жолдады.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Таяуда ғана ресейлік телеарналардың көрсетілмейтіні туралы қоғамда дау шықты. Бұл жағдайға не себеп болды?

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Біз ресейлік әріптестерімізбен қаңтар-ақпан айларында олардың телеарналарын ел аумағында көрсету мәселесіне байланысты келіссөз жүргізетін болдық. Негізінде көрші мемлекет ұсынып отырған тариф мөлшері қымбат. Ондағы кейбір телеарналар өз өнімдеріне қомақты қаржы сұрайды. Алдағы уақытта бұл түйткілді реттейміз. Ресейлік телеарналарды көрсетпеу жөнінде үзілді-кесілді қарсылық білдіргеніміз жоқ.

Ақпарат саласындағы тағы бір өзекті мәселе – «Қазтелерадио». Ол 2016 жылдан бері шығынға жұмыс істеп келеді. Өйткені компания ел аумағында «Отау тв» жүйесі арқылы 130 шетелдік арнаны көрсетеді. Халықаралық келісімдер доллар күйінде бекітілгендіктен, міндетті шартты орындау қиынға соғады. Компанияның бір жылдық шығыны 500 миллион теңгеге жуық. Соның салдарынан «Отау тв» спутниктік желісі арқылы шетелдік телеарналар көрсетілмеуі мүмкін. Сенат депутаттары: «Елдегі «сұр» тәрелкелер санын азайту қажет», – деп санайды. Себебі еліміздің шалғайда жатқан ауыл тұрғындары тек шетелдік спутниктік қондырғыларды пайдалануға мәжбүр. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– «Отау тв» спутниктік желісінің тегін пакетін 1 миллион қазақстандық қолданады. Сондай-ақ 70 мың адам ақылы негіздегі телеарналарды көреді. Осы ретте «Қазтелерадио» бізге делойттық келісім ұсынды. Онда ақылы телеарналар бөлігін жабу жайын қарастырып жатырмыз. Соған қарамастан, «Қазтелерадио» пакетін сату жөнінде мәселе көтерілмейді.

Ақпарат және коммуникация саласындағы бұл өзекті жәйттардың шешімі алдағы уақытта табылуы тиіс. Айта кетейік, БАҚ туралы заң жобасы сенаттың екінші оқылымында мақұлданды. Яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін субтитр мен сурдоаударманы қолдану, азаматтардың суретін рұқсатсыз жариялау және мемлекеттік органнан кез келген оқыс оқиға жайлы жылдам мәлімет алу сынды 300-ге тарта өзгеріс Парламент тарапынан толық қолдау тапты.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты|:

– БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша оларға ақпарат беру процесі реттелген. БАҚ мен жұмысты жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің функциялары алғаш рет заңнамалық тұрғыдан анықталған.

Сенат қабырғасында кедендік реттеу және жер қойнауын пайдалану туралы заң жобалары да мақұлданды. Сала басшыларының айтуынша, ендігі жерде құқықтық құжаттарға енгізілетін өзгерістер арқылы транзиттік тауар тасымалы жеңілдеп, электронды технологиялар қолданылады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Мейрамбек Ақмаханов

 

Хабар 24 әлеуметтік желілерде