USD 342,49

EUR 403,00

РУБ 5.48

Президент Жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспары әзірленеді

Президент Жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспары әзірленеді

Президент Жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспары әзірленеді. Бүгін Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев Елбасы айқындаған басым бағыттарға тоқталып, министрлер кабинетіне нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға арттырып, тегін медициналық көмектің тізімін қайта қарау міндеттелді.

Үкіметтің биылғы алғашқы отырысында Президент Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттер қаралды.

Министрлер кабинеті төрт көзі түгел жиылған келелі кеңесте Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жүйелі жоспарларды жіпке тізді. Ең алдымен мұғалімдердің жалақысы жайлы сөз қозғалды.

Бақытжан Сағынтаев ұстаздардың айлық табысы біліктілігіне қарай 50 пайызға артатынын айтты. «Баланы бастан» демекші, білім саласында балғындарды жастайынын дамытатын бағдарлама әзірленбек. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылдың 1 қыркүйегінен бастап жүзеге асырылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша тегін медициналық көмектің тізімін қайта қарау тапсырылды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Өкінішке қарай, мемлекеттік тегін медициналық көмектер әлі толық нақтыланған жоқ. Сондықтан қазір жаңа үлгі әзірлеп жатырмыз. Сол арқылы жұртшылық қаншалықты тегін көмек ала алатыны анықталады. Ал ақылы қызметтер медициналық сақтандыру жобасына енетін болады.

Бақытжан Сағынтаев ауызсу мәселесіне де арнайы тоқталды. Бұл саладағы түйінді түйткілдерді шешу үшін жыл сайын 100 миллиард теңге бөлінетінін бөле-жара атап өтті. Ал 2030 жылға дейін әрбір қазақстандыққа тиесілі тұрғын үй көлемі 30 шаршы метрден кем болмауы керектігін еске салды. Бұл тұрғыда Премьер-министр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістерді енгізуді ұсынды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

– Үкімет отырысында біз Елбасының Жолдауын іске асыру туралы шараларды талқыладық. Тиісті тапсармалар барлық мемлекеттік органдарда бар. Біз осы күні жалпыұлттық жоспарды әзірлеп отырмыз. Соның ішінде тиісті мемлекеттік органдармен тиісті есеп жүргізетін боламыз. Алдын ала есеп бойынша берілген тапсырмаларды орындауға 70 млрд теңге керек.

Индустрияландыру бойынша Үкімет өндіріске жаңа технологияларды енгізіп, түгелдей цифрландырудың тың тәсілін әзірлемек. Бұдан былай инновациялық ізденістер Назарбаев Университеті, Астана халықаралық қаржы орталығы және IT стартаптардың технопаркі аясында кәдеге асады. Ал Алатау паркінің негізгі қызметі алдағы екі апта ішінде өзгертіледі. Табиғи ресурс, ауыл шаруашылығы, логистика саласы бойынша да министрлер кабинетіне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Соған сәйкеc жауапты ведомстволар пайдалы қазбаларды игеруді жетілдіріп, аграрлық кооперациялар жұмысын қолдаудың тың тәсілін дайындауға міндетті.

Айта кетейік, Жолдауды жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспары Үкіметтің келесі отырысында таныстырылады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Қанат Әбілдин

Хабар 24 әлеуметтік желілерде