USD 340.27

EUR 396.40

РУБ 5.34

Қазақстандықтардың шетелде діни білім алуына шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстандықтардың шетелде діни білім алуына шектеу қойылуы мүмкін Фото: Qamshy.kz

Қазақстан азаматтарының өзге елдерде діни білім алуына шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ ғибадат үйлерінен тыс жерлерде неке қидырғандар да заңмен қудаланатын болады. Айта кетейік, бүгін Мәжілісте діни қызмет пен діни бірлестіктер мәселелеріне қатысты заң жобасы таныстырылды. Жиында мектеп оқушыларының орамал тағуы да сөз болып, оны азаматтың теріс ағымға қатысы бар екенін нақтылайтын сыртқы атрибутқа жатқызуға бола ма, жоқ па деген мәселе де көтерілді.

Мәжіліс депутаты Бақыткүл Хаменова еліміздің батыс өңіріндегі ахуалды айтып отыр. Оқушы қыздардың сыртқы киім үлгісін тілге тиек еткен депутат ұсынылып отырған өзгерістерге тоқталды. Нақтырақ айтқанда, азаматтың теріс ағымға қатысы бар екенін нақтылайтын сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орында пайдалануды шектеу. Батыс өңірін негізге алған Хаменова хиджаб, паранжа, орамал сияқы киімдердің ара-жігін ажыратып беруді сұрады. Ал министр болса мектеп киім үлгісін Білім және ғылым министрлігі нақтылайтынын айтты. Сондай-ақ заңда орамал туралы ештеңе жазылмағанын жеткізді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– Бұл мәселе Білім беру туралы заңда Білім және ғылым министрінің бұйрығында анық жазылған. Ал қазіргі заң жобасында мұндай норма жоқ. Егер БҒМ осындай норманы енгізуге бастама көтерсе, біз қарсы болмаймыз.

Ескеретін жайт, заң жобасында алғаш рет «деструктивті діни ағым» деген ұғым енгізілді. Жауапты министрлік таратқан ақпарат бойынша бұл ұғым жат ағымның жетегінде кеткендер мен радикалды ағымның элементтерін анықтауға көмектеспек.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– Деструктивті діни ағым кез келген діннің ішінде болуы мүмкін. Оның ішінде ислам, христиан діні болуы мүмкін. Диструктивті діни ағым ол адамның санасына, ой-өрісіне, қоғам қауіпсіздігіне тәуекел келтіруі мүмкін. Сондықтан нақты түсінік беру керек деп ойлаймын.

Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе – неке қию жоралғыларын ғибадат үйлерінен тыс орындарда жүргізуге жол бермеу. «Бұл – қаракөз қыздарды теріс пиғылдылардан қорғап қалуға мүмкіндік береді», дейді заң жобасын әзірлеуші тарап. Бастаманы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да қолдап отыр.

Серікбай Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

– Мұсылмандық неке қию рәсімі діни басқарманың, діни бірлестіктің құзіретіне жатады. Оны мешіттерде, ғибадат орындарында жүргізілсе деген тұстарында өте дұрыс шешім деп ойлаймыз.

Сондай-ақ жиында діни ұйымдарды қаржыландыру мәселесі де көтерілді.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 12 заңнамалық актіге 53 түзету енгізуді ұсынып отыр. Олардың барлығын арнайы құрылатын жұмыс тобы әлі де кеңінен талқылайтын болады.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде