361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Б.Сағынтаев: Елімізде мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды түрде көрсетіледі

  • 517

Жақын аралықта елдегі мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды тәсіл арқылы көрсетіледі. Ол үшін 2020 жылға дейін ауылдық елді мекендер түгелдей кеңжолақты ғаламторға қосылады. Бұл туралы Алматыда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» тақырыбында өткен Еуразиялық экономикалық одақ форумы мен үкіметаралық комиссия отырысында айтылды.

Алқалы жиында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев цифрлық жобаларға қатысты ұтымды ұсыныстарын ортаға салып, интеграциялық ұйымның инновациялық экожүйесін қалыптастыру керектігін айтты.

Жасын Біркенов, тілші:

– Ел экономикасын қалай цифрландырып, кідірмей дамытамыз деген» көкейкесті мәселе талқыланған тағы бір берекелі күн болды. Алатау баурайында мәні зор, мағынасы терең алқалы жиынға одақтас елдердің үкімет басшылары келді. Әзербайжан мен Тәжікстанның ресми делегаттары және бар. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанның Премьер-министрлері сандық технологияны қолдану аясында келісе жұмыс істеуге уағдаласты. Шартараптан ат шаптырып келген аузы дуалы сарапшылардың жан-жақты ынтымаққа ниеті бар екендігі көрініп-ақ тұр. Шараның маңыздылығы мен салмағын осыдан аңғаруға болады.

«Цифрландыру – ұлттық экономиканың қозғаушы күші. Әлемдік ұйымдар бұған ерекше мән беріп отыр. Бүгінгі форум – күн тәртібіндегі мәселені жүзеге асыруға жасалған маңызды қадам». Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған хатынан үзінді. Елбасының хатын Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жеткізді.

Форумда сөз алған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қазақ экономикасын цифрландыруға қатысты бірнеше бағытты айқындап берді. Оның айтуынша, алдағы уақытта елде барлық мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы тек электронды түрде көрсетілетін болады. Ал 2020 жылға дейін ауылды аймақтың барлығы кеңжолақты ғаламтормен қамтылмақ. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев болашақ сауатты мамандарды даярлаудағы білімнің рөлін атап өтті. Оның айтуынша, мектеп қабырғасынан бастап мамандарды, математиктерді, университет бағдарламашыларын дайындау қажет.

Форумды өткізу идеясы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтікі. Мемлекет басшысы бірге өскен бауырдай тығыз араласатын елдердің өкілдерін, төртінші өндірістік революцияға көшкен компаниялардың басшыларын жиынға арнайы шақырды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер бұл істі дұрыс жолға қойса, шарапатын шартарап көретіні анық. Мемлекет басшысының көздегені де осы.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Бүгінгі форум жайлы бір кішкене құпияны ашсам деймін. Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айында Ресейдің Сочи қаласында өткен ЕАЭО-нің Жоғарғы кеңесінде мемлекет басшылары бас қосқан болатын. Сол кезде Ресей басшысы Владимир Путин орнынан тұрып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен оңаша ұзақ сөйлескен еді. Көпшіліктің назарын аударған екі ел Президентінің арасындағы әңгіме бүгінгі форум жайында еді. Елбасының бастамасымен қолға алынған жоба Президенттің нақты тапсырмасымен бүгінгі күні жүзеге асып отыр.

Бүгінде 15 мемлекет ұлттық цифрлық бағдарламасын бекіткен. Солардың ішінде Қазақстан да бар. Өткен жылдың соңында қабылданған құжат екі мақсатты көздейді: экономика салаларын цифрлық түрлендіру және адами капиталды дамыту.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– У нас есть уже электронное правительство, у нас есть ЦОНы, через которые мы получаем массу информации не общаясь с чиновниками. Правоохранительные органы пользуются цифровой информацией, когда людям дают информацию, он может узнать о своих делах, обратиться, получить. Это все элементы «Цифрового Казахстана». Можно долго это продолжать, обучающие программы, медицинские программы, сельское хозяйство, дроны летают и показывают где посевы растут хорошо, а где не растут. Это все элементы. Поэтому я дал поручение, и принята программа Цифровой Казахстан.

Өркениетті өрлеудің кепілі – бірлік. Ендеше цифрлық саясатты одақтас мемлекеттер бірлесе жүзеге асыруы тиіс.

Максим Казак, «СNews» басылымының бас редакторы: /Ресей/:

– Қазір жаңа кезең басталды. Бұл – біздің технология туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертетін «сандық революция» кезеңі. Дәстүрлі шешімдер ескірді. Енді адамның өмір сапасы ақпараттық технологияларды меңгеріп, оны пайдалануына байланысты болмақ.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде цифрлық экономика саясаты қалай жүріп жатыр? Бұл туралы форумға қатысқан интеграциялық бірлестікке мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары баяндады.

Ұлттық бағдарламаның берері мол. Бес жылдан кейін электронды сауданың сыбағасы 2,6 пайызға жетеді. 300 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ғаламтор желісін пайдаланушылардың үлесі 80 пайыздан асады. Сонымен қатар стартаптарды қаржыландыру үшін елге кіретін инвестиция көлемі 67 млрд теңгені құрайды. Осылайша ел экономикасы 30 пайызға өседі деген болжам бар.

Джо Сун Вон, «POSCO ICT» компаниясының маркетинг бойынша жетекшісі:

– Қазақстан сандық жүйеге көшуде дұрыс жолды таңдады. Бұл ретте мен сіздердің Президенттеріңіздің стратегиясын қолдаймын. Ол индустриялизацияға үлкен мән беріп отыр. Өндірістік революция зауыт-фабрикаларды автоматтандырып қана қоймайды, ол барлық салаға серпін береді. «Ақылды технологиялар» бәрін жасай алады. Алайда ол адамның қызметінсіз тек жай машина болып қалады. Сондықтан қазіргі уақытта адамдар заманауи компьютерлердің көмекшісі болу керек.

Қазір Қазақстанның алдында одақтас елдермен бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастыру міндеті тұр. Ол əлемнің венчурлік қорлары мен стартаптарын тарту үшін жасалып отыр. Қазақ Үкіметінің басшысы бүгін осылай деп мәлімдеді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, технологиялық кəсіпкерлікті дамыту үшін де қолайлы жағдай жасау керек. Осы орайда ЕХРО аумағында IT хаб құрылды.

Афик Жохар, Венчурлық әріптестік жөніндегі инновация орталығының жетекшісі: /Малайзия/

– Қазақстан жаңа технологиялар әлемінде жаңа бастамалар басында тұр. ЕХРО халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізді. Енді міне халықаралық цифрлық форум өткізіп жатыр. Егер Қазақстан жоспарлағандай, ЕХРО аймағында өзінің силиконды алқабын құрса, бұл жастарға технологиялық революция жасауға жол ашар еді.

Мазмұнды баяндама жасаған саясаткерлер бірлесіп істеген жұмыстың келешегіне қатысты пікірілерін білдірді. Қырғыз Премьері осы елде келер жылы цифрлық үкімет бағдарламасы енгізілетінін айтты. Бір жарым жыл ішінде «Ақылды Бішкек», «Ақылды Ош» жобаларын да қолға алады. Азаматтардың биометрика дерегі де енгізілмек.

Сапар Исаков, Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі:

– Цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру бірлесіп жұмыс істеуге және ортақ мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді. Оның ішінде өңірдің дамуы, экономикалық ынтымақтастық, бәсекелестік қабілетті арттыру, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту бар. Біздің цифрландыруымызға әлі 1 жыл бола қойған жоқ. Бірақ қысқа мерзімде біраз жетістікке жеттік деп есептеймін.

Ал Беларусь Үкіметінің басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге дамудың ортақ бағдарламасын ойлап табуды ұсынды.

Андрей Кобяков, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі:

– Бүгінде көптеген мемлекет блокчейн мен криптовалюта саласын қалай реттеу керектігін білмейді. «Жасанды интеллекті дамытудағы этикалық шеңбер қандай болмақ» деген сұрақтарға нақты жауап бере алмайды. Тың жобалардың іс жүзінде баяу орындалуы да сондықтан. Біздің ел ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту бойынша 32-сатыда. Қоғам өмірін толық цифрландыру керек.

Сондай-ақ Беларусь Премьер-министрі елдегі мектептерді мысалға келтіріп, білім ордаларында шахматқа, робототехникаға, IT кәсіпкерлігіне және қаржы сауаттылығына үйрететіндігін айтып қалды.

Бірлескен жұмыс мінсіз болуы тиіс. Бірақ шешімін таппаған түйткіл жетіп артылады. Форумда сол өзекті деген мәселелер көтерілді. Ресей Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын ескертіп, цифрландыру аясында әріптестікті нығайту керегін айтты.

Дмитрий Медведев, РФ Үкіметінің төрағасы:

– Бүгінгі ықпалдастық жағдайында жеке дара әрекет етуіміз нақты нәтижелерге әкелмейтіні сөзсіз. Сауда, логистикалық, технологиялық нарықтарды біріктіріп, инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. «Цифрлық күн тәртібі» тақырыбы алдағы әріптестігімізге арқау болады. Цифрлық процестердің еркіндігі үшін дәстүрлі шекарааралық қағидат кедергі болмауы керек. Осы орайда әрбір тарапқа ортақ ереже қабылданса деймін.

Көтере алмайтын шоқпарды белге байлаған ел жоқ. Еңсесін тіктеп, жарқын болашаққа қадам басқан бұл мемлекеттер дамудың дара һәм сара жолын таңдады. Заман көшіне ілесіп, экономиканы цифрландыру қажет.

Жасын Біркенов, тілші:

– Батыстағы АҚШ-тың, шығыстағы Жапонияның жаңалықтарына таңдай қағып келген едік. Енді тамсандырған технологиялық туындыларды өзімізге енгізу бір бөлек, ұлттық инновацияларды ойлап табу тағы бар. Осылайша қазақ өндірісін өрге сүйреуі тиіс қырауар кәсіпорынды жаңғыртамыз дедік. Тағы да сол цифрлық түрлендіру арқылы. Сонда ғана жаңа нарыққа жол ашылып, сауда-саттық қатынасы қарқын алады. Ал ол үшін көрші-қолаң, одақтас елдермен осы мәселеде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеу керек деп түйінделді бүгінгі форум.

Авторлары: Ж.Біркенов, Н.Базаров және А.Болтрушевич

Хабар 24 телеарнасы