USD 319.65

EUR 392.60

РУБ 5.63

Юлия Галышева: Жеңісімді еліме арнаймын!

  • 707
<span class=favorites>Юлия Галышева: Жеңісімді еліме арнаймын!</span> Фото: Sports.kz

Юлия Галышева – Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан кешенді сынның екінші күнінде Қазақстан спорты табысқа кенелді.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де. Юлия Галышеваның жеңіске жетуіне «хабарлықтардың» әсері болды-ау деймін. Дәлел керек пе, көлденең тартайық. Біздер шаңғы жарысынан есеп беріп, «Феникс» паркке беттегенде могулшылар бәске кірісіп кеткен еді. Өзі самұрық құстың ұясындай аренаға жетуің мұң. Төте тартуға болмайды. Кедергі біткенді айналып өткенше талай уақыт. Межелі тұсқа жеткенде Юлияны кездестірдік. Анығында біз келген де ол өнер көрсетті. Содан кейін үштікке еніп, орнын біреу басқанша төрде отырды. Өзгелері ұпайды күреп алғаннан кейін бері беттеді.

Алтылыққа енбесе, финалға шықпайтын еді. Көңілі пәс тартыпты. Сосын айтамыз ғой, Юлия сұхбат алайық деп. Баяу жүріп, басын шайқады. Біздер қайрай бастадық. Өмір әлі алда. Сәттілік пен жеңіс қатар жүреді. Юлия шыр ете қалды. «Әне алтылыққа іліндім. Әлі үміт үзілген жоқ», – деді ол таяғын сермеп. «Ұмтыл», – дедік онда.

Ұмтылсын. Үзілмепті үміт. Қайта біздер от берген секілдіміз. Тосыннан үрейін үркітіп жіберіппіз. Юлия жоғары самғады. Содан финалда бірінші болып өнер көрсетті. Ешкімге дес бермейтін Персин Лаффонт іле-шала түсіп, бірінші орыннан негізгі үміткер өзі екенін дәлелдеді. Ол да дұрыс. Анығында Канада туы астында өнер көрсететін Жюстина Даффур Лаппуант жарыс жолымен құлдилады. Ол да мықты. Дұрыс. Әзірше екінші. Юлия әлі де төрде отыр. Могулдағы салт осы, үздік үштік төрге шығады, қалғандары соларды ысыруды ойлайды. Енді Энди Науд бар. Рас, Жакара Энтониді есепке алмаймыз. Юлияны айналып өте алмайтыны белгілі болды. Энди құстай ұшып келе жатты да қателесті. Жарыстан шығып қалды десе де болады. Юлия Галышева еліміздің шығысында дүниеге келген қаршадай қыз Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.

Юлия Галышева, Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:

Үнемі жетінші орын. Анда да, мында да. Сенбесеңіздер, Никита Калмыковтан сұраңыздар. Оған айттым. Бұл жолы да жетінші орын деп. Сөйтіп алтыншыға ілігіп, финалға шықтым. Енді қола медаль. Кімге арнаймын дейсіз бе, әрине, менің сүйікті елім Қазақстанға!

Қазақстанға! Қандай ғажап, сен кез келген құрметке лайықсың, қазақ елі.

Авторлары: Амангелді Сейітханов, Ольга Цой

Хабар 24 әлеуметтік желілерде