361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР СІМ бүкіл Сирияда соғысты тоқтату туралы БҰҰ резолюциясына қатысты мәлімдеме жасады

  • 557

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сирия бойынша осы елдегі гуманитарлық жағдайды жақсарту үшін әскери қимылдардың тоқтатылуын реттейтін қарарын қабылдауды құптаймыз.

Сирияның бірқатар өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Гутада көптеген бейбіт азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың өліміне әкеліп соқтырған зорлық-зомбылықтың артқаны жағдайында бұл құжаттың маңыздылығын атап өтеміз.

Қабылданған қарардың орындалуы халықаралық құқыққа сәйкес Сирияның зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық жəрдем көрсетудің қауіпсіз және кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдардың бірі болады.

Қарардың ережелерін толығымен сақтауға шақыра отырып, барлық мүдделі елдерден Сириядағы қақтығысты тез арада реттеу мақсатында қақтығысушы тараптар арасында сенім шараларын нығайту жолында нақты қадамдар қабылдауы үшін өздерінің беделі мен ықпалының пайдалануын күтеміз.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Сирия бойынша Астана процесінің тәжірибесіне сүйеніп, осы елдегі ахуалды, бірінші кезекте Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Женевадағы келіссөздерді жалғастыру және оған жалпы практикалық қолдау көрсету арқылы бейбіт жолмен шешуге балама жоқ екеніне сенімді.

Хабар 24 телеарнасы