361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаев: Наурыз мерекесі бізге тәуелсіздікпен бірге оралды

  • 477

Ұлыстың ұлы күнінде Астанада мың литр наурыз көже дайындалды. Экспо қалашығының аумағында этноауылға келушілер ұлттық астан дәм татып, мерекелік бағдарламаны тамашалады. Дәстүрімізді дәріптейтін ойын түрлері бойынша сынға түсіп, құнды жәдігерлер қойылған мұражайды аралады.

Дүйім жұртты Елбасы құттықтап, барша қазақстандықтарға ақ жарма тілегін арнады.

Сарыарқа төсінде ақ ұлпа қарды бәйшешек жарып шықпаса да, дүйім жұрттың жүзінен көктемнің шуағы есіп тұр. Ұлыстың ұлы күнін жылда елмен бірге тойлайтын Елбасы биыл да халықтың бел ортасынан табылды. Оюлы шапан киіп, шашуды ырымдап  теріп алды. Президент қазақы салт-дәстүрді жетік білетінін аңғартып, көпшілікке үлгі көрсетті.Тау қопармаса да мойнымен тас көтерген бүгінгі күннің батырын қолпаштап, елге ақ жарма тілегін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақта «жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін» деген сөз бар. «Ақ мол болсын, қайда жүрсең де жол болсын» дейді. Сапарға шыққан адамдардың жолы болсын әр уақытта. Жалпы еліміздің жолы болсын болашаққа деген. Мәңгілік ел болуға қадам басқан жолымыз құтты болсын. Бақытымыз мол болсын. Бала-шағамыз, ұрпақтарымыз аман болсын. Солардың бақыты үшін бәріміз жұмыс істейік. Мереке құтты болсын. 

Әз-Наурыз ежелгі заманнан қалыптасқан мейрамдардың төресі. Бірақ кезінде оны тойлауға кеңес үкіметі тыйым салып, талай жылдар бойы ұлыстың ұлы күні ескерусіз қалды. Дегенмен еліміз егемендік  алғалы көне дәстүр қайта жаңғырып, жалпыұлттық мейрамға айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ата-бабамыздың баяғы заманнан келе жатқан мереке. Тәуелсіздігімізбен бірге бізге қайта оралды. Тәуелсіздік жылдарында осы Наурызды атап келе жатырмыз. Бұл біздің негізгі жаңа жылдық мерекеміз болады түбінде. Бірінші қаңтарды Петр бірінші алып келген екен батыс Еуропадан. Оны да тойлаймыз. Бірақ, біздің негізгі жаңа жыл, күн мен түннің теңелетіні, жақсылыққа қарай адамның беті бұрылатын кез. Табиғаттың бәрі оянып, барлығы жадырайтын кез. Тәуелсіздігіміздің 26 жылы ішінде көптеген шаруаны біз бітірдік. Оның барлығы елдің бірлігінің арқасы. 

Рас, мызғымас бірлік пен ұйысқан тірлігіміздің арқасында еліміздің әл-ауқаты артты. Бүлінген елде дау бөлек, ал бейбіт елде сән бөлек. Енді мұны сақтап қалу маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақында мен 5 бастаманы халыққа жарияладым. Барлығын біліп жатқан шығар. Әр қазақстандыққа арналған. Біріншіден, баспана мәселесін шешуді айттым. Екіншіден, жастардың жағдайын жасау, жатақхана, гранттарды көбейту. Табысы аз адамдарды салықтан босату. Қазақстандық газдандыру. Осының барлығы жай халыққа, соның әлеуметтік жағдайын түзетуге арналған. Осыған бәріміз ат салысуымыз керек. Біздің Қазақстанымыз осы жылдардың ішінде дүниежүзіне белгілі ел болып келе жатырмыз. Сонымен абыройымыз артып келе жатыр. Осыны ұстауымыз керек болашақта. Себебі, бірлігі елдің, бірауыздығы болашақ табыстарымыздың көзі болып саналады.

Наурыздың көркін өнерпаздар қыздыра түсті. Жез таңдай әншілер ән шырқап, күйшілер күмбірлетіп күй төкті. Балуандар күш сынасса, қыз-бозбала алтыбақан теуіп, сауық құрды. Ал, дастарқанның басты асы наурыз көже сыйымдылығы мың литр болатын тайқазанда дайындалды. Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады деген сенімге сенген көпшілік астан дәм татты. Ұлттық ойындар ойнатылып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады.

Блиц:

- Ұлыс оң болсын ақ мол болсын, халқымыз береке бірлікпен өмір сүре берсін!

- Мына күннің суықтығына қарамастан халқымыз ойнап күліп жатыр. Осының барлығы басшымыздың арқасы.

- Төрт түлік малымыз түгел болсын! Ақ мол болсын!Жер бетінде ауызбіршілік, тіршілік болсын. Бірлік болсын бірлік бар жерде барлығы болады.

- Біз мына Ташкенттің оңтүстік жерінен Астанаға бүгін арнайы наурыз мерекесін тойлауға келдім. Керемет! Өмірі жарқын, болашағы кең Астананы көріп өте бір керемет көзқараста қалдық. Жасасын Қазақстан! Көк туымыз желбірей берсін!

Этноауылда ұлттық салт-дәстүр де кеңінен насихатталды. Қаз-қатар тігілген 4 киіз үйде құнды жәдігерлер қойылған. Соның бірі көне ғасырға жататын жазба ескерткіштері. Кезінде моңғол жерінен табылған Түрік қағанатының  тасқа қашап жазылған жазбасын археологтар көшірмесін жасап елге жеткізген. 

Жантегін Қаржаубай, археолог:

- Мойыншұр ескерткішінде бүгінгі наурыз мерекесіне қатысты ерекше бір мәтін бар, онда былай деп жазылады. Селенгі өзенің 3-айда салмен мен кешіп өттім дейді. Сол себепті бұл Наурыз мерекесі сол Түрік қағанатынан бері мүмкін одан ары ғұн дәуірінен бері шығар Наурыз мерекесін көктемнің келуімен бастап жатуымыздың бір дәлелі. 

Этноауылға келген халық арқа-жарқа болып жатса, ЭКСПО-ның конгресс орталығында мерекелік қойылым сомдалды. Балет және опера театрларының тарландары   өнер көрсеткен шараны көпшілікпен бірге Нұрсұлтан Назарбаев та көтеріңкі көңіл-күймен тамашалады. Үш бөлімнен тұрған қойылымда еліміздің егемен мемлекет ретінде қалыптасу кезеңі көрсетілген. Сценарий бойынша жас Қазақстанды бейнелейтін ер жігітке елдің 7 уығы туралы жұмбақ жасырылады. Басты кейіпкер бүкіл мюзикл бойы бұл сұрақтың кілтін іздеп,  соңында шешімін тапты.

Ұлыстың ұлы күнінде қыс қылышынан аман қалған жұрт бір-біріне деген ренішін ұмытып, араздасқандар татуласып, тек жақсылық тiлеген. Еңдеше ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы