USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Елбасы «Теңізшевройл» компаниясының 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты

Елбасы «Теңізшевройл» компаниясының 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты Ақорда

«Теңізшевройл» компаниясына биыл 25 жыл. Айтулы датаға орай бүгін Астанада арнайы жиын өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып қатысты. Бұл тегіннен тегін емес. Компания егемендік алғаннан бері еліміздің ең сенімді инвесторларының біріне айналды.

Ширек ғасырда Қазақстан қазынасына салықпен қоса алғанда 125 млрд АҚШ долларын құйған. Ел аумағындағы қызметін әлі де кеңейтуді көздейді. Бүгінгі жиында бірқатар жоспарын да жариялады.

Тәуелсіздік алған тұста ел экономикасының еңсе тіктеп, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына үлес қосқан компаниялар аз емес. Солардың бірі – «Теңізшевройл». Кәсіпорын Қазақстанда қара алтын игеру көлемін ұлғайтып, қиын-қыстау кезде қазынаға табыс түсірді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, былтыр «Теңізшевройл» компаниясы ел қазынасына 8,5 млрд доллар пайда түсірген. Компанияның Астанадағы мерейтойлық шарасына Президенттің келуі тегін емес. 25 жылда бірлескен кәсіпорын экономиканы алға сүйрейтін негізгі күшке айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты шарада кәсіпорынның мұнай-газ саласындағы маңыздылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Добыча на ТШО за это время увеличилась в тридцать раз. В прошлом году она достигла исторического рубежа 3 млрд баррелей нефти с момента запуска производства. За это время объём добычи нефти в Казахстане вырос в 4 раза и достиг 85 млн тонн. Это стало возможным  благодаря инвестициям в ТШО около 38 млрд долларов. Более трети от общего объема добычи нефти в стране приходится на ТШО. Предприятие вносит значительный вклад вразвитие экономики нашей страны.

Осыдан тура 25 жыл бұрын 6 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының сол кездегі президенті Кеннет Дерр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру жөніндегі келісімге қол қойған еді. Құжаттың Алматыда ресми түрде бекуі жаһандық экономикада тарихи оқиға ретінде бағаланды. Себебі Каспийді жағалай жатқан елдердің мұнайы мен газына қызықпайтындар кемде-кем. Азаттық алған тұста Қазақстан үшін инвестордың сенімін иелену аспандағы айға қол жеткізгенмен тең еді. Қазір кәсіпорын әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірін игеріп отыр. 2017 жылы компания «Теңіз» кенішінен барлығы 28,7 млн тонна мұнай өндірген. Яғни 229 млн баррель.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Теңізшевройл» жобасы бойынша келісімге қол қойған кезеңнен бастап 25 жыл өтті. Баршаңызды осы мерейлі тоймен құттықтаймын. «Теңіз» кеніші бұрынғы Кеңес одағының дүрілдеп тұрған кезінде, 1979 жылы ашылған болатын. Ол – өте тереңде жатқан әлемдегі ең алып кен орындарының бірі. Оны игеру Кеңес одағы кезінде қиын болды. Естеріңізден шығып кеткен болар, 36-ұңғымасын өшіре алмай, 1 жылдың ішінде 100 мың тонна мұнай мен газ аспанға кетіп өртенген болатын. Оны игеруге Қазақстан тек тәуелсіздік кезінде ғана қол жетті. «Шеврон» компаниясымен келісім жасағаннан кейін бұл мүмкіндікті қолға алдық. Осы кезден бастап мұнай-газ саласы ерекше серпін алып, еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Тікелей инвестиция құйған компания. Басқаларға жол салып берді.

Ширек ғасырда компания отандық көмірсутегі өндірісін жаңа деңгейге көтерді. «Теңізшевройл» миллиардтаған инвестицияны тиімді игеріп, озық технологияны кеніштерде қолдану жөнінен көш бастады. 25 жылдың ішінде Қазақстан тарапына төлеген төлемдерінің жалпы көлемі 125 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл дегеніміз – жергілікті мамандарға төленген жалақы мен бюджетке түскен салық, дивидентттер. Әріптеске алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Теңіз» жобасы шетелдік әріптестермен табысты серіктестік орнатудың және елге инвестиция тартудың жарқын үлгісіне айналғанын бәріміз білеміз. Жобаны сәтті жүзеге асыру «Шевронмен» қатар қазақстандық газ-мұнай газ, американдық «Эксон Мобил», ресейлік «Лукарко» компаниялары елеулі үлес қосқанын атап өткеніміз жөн. 25 жыл бірге атқарған орасан еңбектеріңіз үшін баршаларыңызға ел атынан ризашылығымды білдіремін.

«Теңіз» кен орнын игеру – Қазақстан мен АҚШ арасындағы жобалардың ең ауқымдысы. Кен орнындағы барланған мұнай қоры – 3,2 млрд тонна. Соңғы жылдары «Теңізшевройл» шикізат өндіру көлемін арттырды. Жобаға 3 трлн теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде кеніштен алынатын мұнайдың жылдық мөлшері 12 млн тоннаға артады. Озық технологияның көмегімен салынып жатқан мұнай дайындау кешенінің құрылысы қарқынды. Жылына 26-27 млн тонна өнім алатын бірлескен кәсіпорын толық қуатын іске қосса, бұл көрсеткіш 39 млн-ға дейін жетпек.

Майкл Уирт, «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Нұрсұлтан Әбішұлы, сізді биылғы жылы АҚШ-қа ресми сапарыңыздың сәтті өтуімен құттықтаймын. Бұл екі ел арасындағы байланыстарды бекемдей түсті. «Шеврон» корпорациясы мен біздің әріптестеріміз Қазақстанның халықаралық аренада беделін нығайтуға үлес қосқанын мақтан тұтады. «Теңізшевройл» қазақ елімен берік серіктестіктің символына айналды. Бірге толағай табыстарға қол жеткіздік. Қазақстанның өркендеуіне үлес қостық.

Тэд Этчисон, «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры:

- Мен үшін бүгінгі шарада болу ерекше құрмет. «Теңізшевройл» компаниясының 25 жылдық мерейтойлық жиыны тағы бір белесті бағындырғанымыздың дәлелі. Ширек ғасырда кәсіпорын 392 млн тонна мұнай өндірді. Ал газ өндірісі 122 млрд текше метрге жетті. Капиталдық салымдар көлемі 36 млрд долларға жуықтады.

Бірлескен кәсіпорын тек мұнай өндіріп қана қоймайды. Қоршаған ортаның экологиялық жағдайына жіті мән береді. Әсіресе Атырау өңіріндегі халықтың әлеуметтік ахуалы басты назарда. Құрылғаннан күннен бастап түрлі жобаларды қолдады. Балабақшалар, мектеп тұрғызды. Өткен жылы 7 балабақша, 3 мектеп, 3 мәдениет үйі, 3 дене шынықтыру-сауықтандыру кешені және облыс орталығындағы ретросаябақ пайдалануға берілген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- На их финансирование было направлено 1,4 млрд долларов. Это строительство лечебных учреждений, школ, систем водоснабжения, канализации, электрических сетей и многое другое. Облик города Атырау, мы старшие поколение хорошо знаем, что это был за город, абсолютно изменился сегодня, став самым современным городом.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны алдағы уақытта қара алтын өндіруде өзгелерге үлгі болмақ. Қажетті кадрларды өздері оқытты. Бүгінде олардың әрқайсысы өз ісінің үздігі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірлескен кәсіпорынның бүгінгі жетістіктері ТШО қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасы. Сол қызметкерлердің 80 пайыздан астамы қазақстандықтар болып табылады. Біздің де қойған шартымыз осы болатын. Көптеген мамандар дайындалды. Қазақ менеджерлері де өсті. Озық тәжірибе алды. Өткен 25 жылда ТШО барынша тұрақты табысты қызмет кетіп келеді. Енді алдымызда дамудың жаңа кезеңі бар. Қазақстанның мұнай саласындағы жұмысымызды тоқтатпаймыз. Менің білуімше, болашақта жаңадан кен орындары ашылады. Бүкіл Каспий төңірегіндегі түзеліп жатқан жұмыстардың барлығы жаңадан кен орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жұмыс еш уақытта тоқтамайды.

Бүгінгі қол жеткізген жетістіктер зор сенімге негізделген. Алпауыт компания 25 жыл бұрын жас мемлекетті қолдады. Бұған тарих куә.

Равиль Шардабаев, «Теңізшевройл» компаниясының алғашқы директоры:

- Әр ұлы істің басында тұлғалар тұрады. Сол екі адам осының тағдырын шешкен. Бірінші – Нұрсұлтан Назарбаев, екінші – Кэнни Дэр. Себебі ол кезде КО тараған. Қазақстанның экономикасы комада жатқан ауру адамдай болды. Бірінші біздің Елбасы сендіре білді. Екінші Кэнни Дэр сенді. Соның арқасында «Теңізшевройл» бізге келген. Сол хабарды естіп, бүкіл әлем компаниялары келді.

Алдағы уақытта бірлескен компания ел экономикасына одан әрі үлес қосып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етпек. Оны жүзеге асыратын – жас мамандар.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Рауан Мыңбай

Хабар 24 әлеуметтік желілерде