Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасымен Қостанай облысында болды - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 361,07

EUR 409,95

РУБ 5.43

Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасымен Қостанай облысында болды

Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасымен Қостанай облысында болды

Үкімет басшысы Рудный қаласы мен облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік, өндіріс орындарын аралап, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында және бес әлеуметтік бастамасында айтылған міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Рудный қаласындағы құс фабрикасында болды. Кәсіпорында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Ақылды құс фабрикасы» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Одан кейінгі нысан сүт өңдейтін зауытта Бақытжан Сағынтаев жергілікті шаруалармен жүздесті. Арадағы ашық әңгіме агорөнеркәсіп кешенін дамыту және кәсіпкерлік қызметті реттеу туралы жаңа заң төңірегінде өрбіді. Ауылшаруашылық министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев шаруалар үшін ашылып отырған жаңа мүмкіндіктер жайлы жан-жақты түсінік берді. «Жаңа заң іскерлік белсенділікті арттыруға бірден-бір сеп», – дейді кәсіпкерлер.

Сайран Бұқанов, шаруашылық басшысы:

- Бизнеске кедергі жасайтын иелерді алып тастаған. Сосын салық төлемін де қайтадан қарастырып жатыр. Бұл да өзгеретін болады. Осыны пайдаланып, қазіргі кәсіпкерлер орта және шағын бизнесті, кеңейтулеріне болады.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында Үкімет басшысы «Бизнес-Бастау» бағдарламасы айсында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жаңа заң үлкен мүмкіндіктерге жол ашатындығын атап өтті. Мемлекеттік бақылау функциялары шамамен 30 пайызға қысқарады. 

Ерлан Нұрбол, кәсіпкер:

- Бұл енді Президентіміздің біз сияқты жеке кәсіпкерлерге жасаған бір пайдалы ісі деп ойлаймын. Салық жағынан жеңілдіктер қарастырылды. Және құжаттардың бәрі электронды түрде жасалынатын болды. Бұл біз сияқты кәсіпкерлерге өте ыңғайлы.

Халықтың әл-ауқатын арттырып, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті. Ел болашағына деген жанашырлық Президенттің бес әлеуметтік бастамасында айқын көрініс тапқан. Бұл туралы Үкімет басшысының студенттермен болған кездесуінде айтылды.

Дәмір Әбдірахманов, студент:

- Жыл сайын Қазақстанда 54 мың грант берілсе, келесі жылдан 20 мың грант қоса беріледі. Осы тақырыптарды Елбасы бес әлеуметтік бастамасында айтқан болатын. Сол кісіге үлкен алғыс айтамыз.

Үкімет басшысы Рудныйдағы тау-кен байыту комбинатының жұмысымен де танысты. 2018 жылы мұнда көлік кешенін автоматты басқару жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл – «Ақылды кеніш-ақылды фабрика» жобасының бір бөлшегі. Ал облыс активімен өткен жиында экономикалық дамудың жаңа моделін қалыптастыру, бәсекеге қабілетті бизнесті және экономиканың жаңа секторларын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 әлеуметтік желілерде