Елімізде 147 мыңнан аса мектеп түлегіне соңғы қоңырау соғылды - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 361,07

EUR 409,95

РУБ 5.43

Елімізде 147 мыңнан аса мектеп түлегіне соңғы қоңырау соғылды

Елімізде 147 мыңнан аса мектеп түлегіне соңғы қоңырау соғылды inform.kz

Бүгін еліміздегі мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Бұл күн әсіресе білім ұясынан қанат қаққан түлектер үшін ерекше. Биыл республика бойынша мектеп бітірушілердің саны 147 мыңнан асады. Оның 7 мыңы алтын белгіге үміткер. Сонымен, соңғы қоңырау салтанаты қалай өтті?

Кеше ғана мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндер бүгін ел қамын ойлар таудай азамат болды. Талаптанды, оқыды, бар білімді көкейіне тоқыды. Енді шамнан шырақ жағылып, алтын ұя мектебін қимай кетіп барады.

Бүгін бұл түлектерге мектеп қоңырауы соңғы рет соғылды. Бұл сәт олардың естерінде ерекше сақталары анық. Оқушы кезі қайта айналып келмейтінін сезінген қыз балалар толқып, көз жасына ерік берсе, жігіттер ұстамды болуға тырысты. Ұстаздар қауымы да 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан шәкірттерін қимай-ақ тұр.  

Зәмзәгүл Байдәулетова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Бүгін қаламыздың барлық мектептерінде үлкен мереке. Бір жағынан, көңіл-күйіміз түсіп тұр. Өйткені шәкірттерімізді мектептен ұшырып жатырмыз. Біздің лицейімізде де 131 түлек бітіріп жатыр. Оның алтауы «Алтын белгіге» үміткер. Қазір балаларымыздың алдында үлкен сынақ тұр – ҰБТ тапсыру. Балаларымызға тек қана сәттілік тілейміз.

Иә, алда түлектерді үлкен сынақ күтіп тұр. Биыл республика бойынша мектеп бітірушілердің 70 пайызы, яғни 102 мыңнан астамы ҰБТ-дан өтеді. Ал Астанада 6 мыңға жуық түлек білім ұясынан түлеп ұшса, оның 90 пайызы тестілеуге қатысады.

Ұлас Қойшыбай, мектеп бітіруші:

- Осы ҰБТ-дан жоғары балл жинап, құқық қорғау саласына түскім келеді. Мақсат – Қазақстанға адал қызмет ету. Көңіл-күй өте керемет. Барлық түлектерге ҰБТ-дан жоғары балл жинауға тілектеспін.

Осылайша еліміздің түкпір-түкпірінде соңғы қоңырау соғылды. Әсіресе Қызылорда облысының Жосалы кентіндегі бұл мектеп ұжымы үшін бүгінгі күн ерекше. Былтыр құрылысы басталған білім ошағының жаңа ғимараты оқу жылының соңында пайдалануға берілді. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген мектепте оқып, оның зардабын тартып келген ұстаздар мен оқушылардың қуанышында шек жоқ.

Алтынша Кенжеева, мектеп директоры:

- Дәстүрлі соңғы қоңырау мерекесі жаңа ғимаратқа көшумен тұспа-тұс келді. Жаңа ғимаратта үлкен спорт залы, кітапхана және екі информатика кабинеті бар.

Атырау облысы бойынша биыл 5187 оқушы алтын ұя мектебімен қоштасты. Оның 153-і «Алтын белгіге» үміткер. Соңғы қоңырау Атырау білім-инновация лицейінде де салтанатпен аталып өтті. Білім ордасы бүгін 20-рет түлектерін үлкен өмірге шығарып салғалды. Биыл бұл білім ошағын 49 түлек ұшса, оның  алтауы «Алтын белгіге», 10 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Атап айту қажет, былтыр бұл лицейді бітірген 18 түлек Назарбаев университетінде мемлекеттік грантты жеңіп алды.

Нұрбек Аманов, Білім-инновация лицейі директорының орынбасары:

- Біздің 49 түлектің ішінде қазіргі уақытқа дейін 3 оқушымыз Гонконг, Канада университеттеріне түсіп отыр. Одан басқа 12 оқушымыз тікелей Назарбаев университетінің грантына ие болып жатыр.

Ал көне Тараз жерінде іргесі ХІХ ғасырда қаланған бұл мектепте бүгін соңғы қоңырау 140-рет соғылды. Білім ордасы тарихтан сыр шертеді. Бірақ ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Тіпті ескі деп айтуға ауыз бармайды. Айпақшы, биыл облыста 14 мектептің құрылысы басталды. 9 білім ошағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Осылайша аймақта апатты жағдайдағы әрі үш ауысымда жұмыс істейтін 3 мектептің мәселесі шешіледі.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 әлеуметтік желілерде