352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Татарстанға жұмыс сапары барысында Қазан федералды университетіне барды

  • 240

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Татарстан Республикасына жұмыс сапары қорытындыланды.

Президент онда бірқатар маңызды кездесу өткізіп, екіжақты сауда-экономикалық мәселелерді басты назарға алды. Қазақ-татар қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсетін бастамалар да көтерілді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан астанасына кеше кешке келді. Қазақстан Президентінің Қазандағы жұмыс сапары жергілікті уақыт бойынша таң сәріде басталып, түске дейін жалғасты. Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Қазан федералды университетінде болды. Бұл оқу орнының тарихы тереңде жатыр. Екі ғасырдан астам уақыттан бері мұнда маман даярлау үрдісі үздіксіз жалғасып келеді. Ресейдегі ең ежелгі һәм маңдайалды университтердің бірінде 400-дей қазақстандық студент білім алады. Солардың бір парасымен бүгін Мемлекет басшысы жүздесіп, хал-ахуалдарын сұрады.

Айта кетейік, Қазан федералды университеті ғылыми кеңесінің шешімі бойынша Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті доктор» атағы берілді. Оны салтанатты табыстау рәсімінен соң Елбасы сөз алып, білім ордасының профессорлық, оқытушылық құрамы алдында байыпты баяндама жасады. Ізін ала құрметті қонақтар кітабына ізгі тілегін қалдырды. Бұдан әрі Мемлекет басшысы Қазан Кремліне барды. Онда Татарстан Республикасы өнеркәсіп мекемелерінің көрмесі таныстырылды. Жергілікті кәсіпорын жетекшілері Нұрсұлтан Назарбаевқа өндірілетін өнімдерін көрсетті.

Жалпы қазақ-татар арасындағы сауда-экономикалық көрсеткіші былтыр 703 миллион долларды құраған. Бұл ретте Қазақстаннан осы мемлекетке саудаланатын өнім көлемі артып келеді. Бізден мұнда негізінен қара металл, минералды отын және мыс пен одан жасалатын өнімдер экспортталады. Өзара алыс-беріске қатысты мәселелерді Елбасы Татарстан Президентінің резиденциясында, яғни Рустам Миннихановпен кездесуінде көтерді. Кеңейтілген құрамда өткен басқосу сан түрлі саладағы серіктестікке серпін беретіні сөзсіз. Себебі еліміз экономикалық жағдайы жыл сайын жақсарып келе жатқан Татарстанмен өзара байланысты одан әрі де дамыта түспек. Осы жайтты ерекше атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев Рустам Миннихановқа бірінші дәрежелі «Достық» орденін табыс етіп, екі ел игілігі жолында атқарған еңбегін жоғары бағалады. Президентке сапар соңына қарай жергілікті тарихи-мәдени жобалардың жүзеге асырылу барысы да таныстырылды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Айдос Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы