356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауға апатты жағдайда қонған Boeing 737 ұшағының жолаушылары қонақүйге орналастырылды

  • 193

Түркияның Boeing 737 ұшағы Атырау әуежайына апатты жағдайда қонды. Әуе кемесі Новосібірден Антальяға бағыт алған екен. Барлық жолаушылар дін аман.

Атырау қаласында кезекті рейсті күтіп отыр. Жексенбідегі күтпеген қонақтарды атыраулықтар қалай қарсы алды?

Борт жолаушыларының айтуынша, лайнер Новосібір қаласынан жергілікті уақытпен таңғы 8-де аздаған кідіріспен ұшып шығыпты. Олар үш сағаттан соң моторда әлдеқандай дыбыс шыққанын естіген. Сол кезде экипаж ұшақтың апатты жағдайда Қазақстанға қонатыны туралы мәлімдеме жасапты. Бортта 190 жолаушы болған. Оның 48-і бала. Өзге елдің әуежайына тоқтаған жолаушылар қорқыныш пен қобалжу болғанын жасырмайды. Құдайы қонақтар Атырау әуежайына қона салысымен жарты сағатта облыс басшысы келіп, ешкімнің далада қалмайтынын мәлімдеді. Сөйтіп олар қонақүйге орналасқан.

Наталия Балутина, Boeing 737 ұшағының жолаушысы: 

- Барлық жолаушылар атынан Қазақстанға алғыс айтқымыз келеді. Осындай қиын жағдайда қалған бізді өте жылы, туысқандарындай қарсы алып жатыр.

Зоя Эрмиш, Boeing 737 ұшағының жолаушысы: 

- Әуежайдан сусынмен күтіп алып, автобустармен қонақүйге әкелді. Біз мұндай қомқорлық болады деп күтпеген едік. Бүгін ұйымшылдықтың, жанашырлықтың үлгісін көргендей болдық. Рақмет!

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, ұшақтың қос моторының бірі істен шыққан. Бүгін Астанадан арнайы мамандар келіп, Boeing-тің сапары жалғаса ма, болмаса Түркиядан басқа ұшақ келе ме, анықтайтын болады. Әзірге жолаушылар мұнайлы астананың қонағы бола тұрмақ.

Нұрсәуле Сайлауова, облыс әкімінің орынбасары:

- Жалпы, жолаушылардың психологиялық тұрғыдан жағдайлары жақсы. Жарақат алғандары жоқ. Толық ұшып кеткенше олар біздің бақылауымызда болады.

Қазір қонақ үйде жедел жәрдем дәрігелері кезекшілік етіп жатыр. Әзірге саулығы сыр бергендер тіркелмепті. Есін жиған жолаушылар қалаулары бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейін аралауда.  

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы