352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекеттік хатшы БАҚ өкілдеріне Президент гранттарын табыстады

  • 516

Ақпараттық технологиялар мен цифрландыру дәуірінде медиа саласының бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды.

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында президент сыйлықтары мен гранттарын табыстаған мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова осылай деді. Елбасы өкімімен саланың үздіктері марапатталды.

Жегені жантақ, арқалағаны алтын. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жаңалық айтатын журналистер бүгін өзгеше кейіпке енген. Дәлірек айтқанда олар Ақорданың құрметті қонағы ретінде бейнекамералардың басты назарына ілікті.

Солардың бірі «Хабар» телеарнасы сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Айгүл Әділова. Әріптесіміз мемлекет басшысының қызметін жан-жақты насихаттап елге жеткізе білгені үшін президент грантына ие болды.

Айгүл Әділова, «Хабар» телеарнасы сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі:

- Негізі бұл марапат менің ғана еңбегім емес, бүкіл «Хабар» агенттігінің еңбегі. Әр оператор, видеоинженер, режиссер көптеген әріптестерімнің арқасы. Маған осындай мүмкіндік берген сүйікті ұжымыма алғысым шексіз. Президенттің марапатын алу әрбір журналистің арманы деп ойлаймын. Менің де арманым болатын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.

Жалпы Айгүл Әділованы көрермен деректі фильмдер мен журналистік зерттеулердің авторы ретінде жақсы таниды. Ал «Қазақстан» ұлттық арнасының сараптамалық бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мейіржан Әлібекұлы кәсіби қарым-қабілетімен дара. Төл мерекеде оның да еңбегі еленді. Халық пен билік арасында алтын көпір болуы тиіс БАҚ өкілдеріне жүктелген жауапкершілік жүгі зор. Сондықтан Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұл сала жұмысына ұдайы қолдау көрсетіп келеді.

Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Биылғы байқауда да баспасөз өкілдерінің мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды оның ішінде президенттің бес әлеуметтік бастамасы мен рухани жаңғыру үдерісін жариялап көрсетуге сіңірген еңбегі ерекше. Журналистер қауымы елбасының бастамаларын халыққа жеткізу, мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық пікір қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту ісіне лайықты үлес қосуда.

Биылғы марапаттардың жалпы жүлде қоры 14 миллион теңгеден асады. Елбасы гранты жеңімпаздарына 3 миллион теңгеден табыс етілсе, президент сыйлығының иегерлері 4 миллион теңгеге ие болды. Бұл марапат іnformburo.kz интернет-порталының бас редакторы Михаил Дорофеев пен «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбайға бұйырды. Сондай-ақ төрт бірдей шығармашылық ұжымға Елбасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы алғысы жарияланды. Солардың қатарында «Алматы» телеарнасы, «Астана ақшамы» республикалық газеті, «Балдырған» балалар журналы және Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясы бар.

Хайруллы Нуритдинов, Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Біз бұл марапатты Қазақстандағы Өзбекстан жылын және түрлі саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін жариялап, жан-жақты көрсеткеніміз үшін иелендік.Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастың тарихы әріде жатыр. Бірақ соңғы 1 жарым жылдың ішінде өзара әріптестігіміз қарқынды дамып келеді.

Ләззат Танысбай, «Астана» республикалық телеарнасының басшысы:

- БАҚ кез келген түрінде мемлекетік болсын, жеке меншік болсын, партиялық, қоғамдық қайбір түрінде жұмыс істесек те, журналистердің басты мақсат мүддесі біздің талап-тілегіміз ортақ, ол аян бәрімізге де, мемлекетіміздің тәуелсіздігінің нығаюына қызмет ету. Еліміздің өркендеуіне атсалысу.

Ақорда төрінде өткен салтанатты шара БАҚ өкілдерінің мерейін үстем, еңбегін елеулі етті. Енді марапат иелері бұл көрсетілген құрметпен қатар жүктелген жауапкершілікті сезініп, отандық баспасөз саласын дамытуға одан әрі де үлес қоса бермек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы