352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы жұмыс күнін Павлодар облысында өткізеді

  • 195

Президент өңірдегі атқарылған шаруаларды бағамдап, бірқатар кәсіпорынды аралайды деп жоспарланған.

Елбасы түске дейін Павлодарға келеді деп жоспарланған. Президент алдымен бірқатар ірі кәсіпорынды аралайтын болады. Соның бірі – алюминий өңдейтін «GiessenHaus» жауапкершілік серіктестігі. Жалпы құны 4,8 млрд доллар болатын өндіріс орны былтыр ашылды. Зауыттың жылына 36 мың тонна алюминий өңдеуге мүмкіндігі бар. Аймақтағы тағы бір өндіріс ошағы «Қазэнергокабель». Мемлекет басшысы бұл кәсіпорынға да барады деп жоспарланған. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар мұнай-xимия зауытына да табан тірейді. Айта кеткен жөн, бұл зауыт жуырда ғана жаңғыртудан өтті. Ол үшін 180 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде қуаттылығы артып, қазір жылына 5 млн тоннадан аса мұнай өңдеуге қауқары жетеді. Күрделі жөндеуден кейін өнімнің сапасы да жақсарды. К4 стандартына сәйкес жанармай мен К5 дизель отынын шығаруды қолға алды. Өніммен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Қытай сынды елдерге де жөнелтіп жатыр. Онда 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 300 мың теңге. Бастысы, өндіріс орны еңбек өнімділігін арттыратын заманауи теxнологиямен жабдықталған. Президенттің қалауы да осы. Тек санға ғана мән бермей, сапалы өнім шығару.

Өнеркәсібі дамыған Павлодар жұртшылығы осы демалыс күндері қала күнін атап өтті. Аймақта жыл сайын жаңа кәсіпорындар іске қосылып, өндіріс көлемі артып келеді. Оған мына сандар дәлел. Мәселен, биыл жарты жылдың өзінде 960 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Кәсіпкерлерді қолдаудың жол картасы аясында жалпы құны 123 млрд теңгенің 8 жобасын іске қосу көзделген. Биылғы жартыжылдықта өңірге құйылған инвестиция көлемі 160 млрд теңгеге жуықтады. Осы кезең аралығында аумағы 80 мың шаршы метрден асатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Айта берсек, осылай жалғасып кете береді. Бүгін Елбасының алдында өңір басшысы баяндама жасайтын болады. Осы ғимаратта кеңес өтіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі қаралады. Президент аймақтарға жұмыс сапары кезінде әдеттегідей қағаз жүзінде атқарылған шаруаларды өз көзімен бағамдап көреді. Тиісті тапсырмалар береді. Екі жылдай аймақты басқарып отырған Болат Бақауовқа Елбасы қандай міндеттер жүктейтінін алдағы уақытта айтуға әзірміз.

Авторы: Назерке Сұлтанқұлова

Хабар 24 телеарнасы