352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Денис Теннің сүйегі жер қойнына тапсырылды

  • 955

Қазақ елі қысқа ғұмырында аққан жұлдыздай із қалдырып, талантымен таңдай қақтырған саңлақ спортшы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды.

Марқұммен қоштасу рәсімі Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Қаралы жиынға саясаткерлерден бөлек, әлемнің әр қиырында жүрген атақты спортшылар да келді. Олардың қатарында Геннадий Головкин, Қанат Ислам, Дмитрий Баландин сынды сайыпқырандар бар. Арда ұлын жер қойнына тапсырған қаралы жұрт «Денис Тен өлгенімен, оның еліне сіңірген еңбегі ұмытылмайды» дейді.   

Ерін жоқтаған ел таңертеңнен  Балуан Шолақ атындағы осы сарайға ағылып жатты. Гүл шоқтарын құшақтарына толтыра келгендер Денис Тенге соңғы рет құрмет көрсетуге асықты. Қаралы жұрт қапыда көз жазып қалған ұлын қашанда ұмытпақ емес.        

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Денис  үздік спортшы ғана болған жоқ. Оның талантын әлемнің көптеген елдері мен спортшылары мойындаған. Марқұм Қазақстан Республикасының нағыз патриоты болды. Денис Теннің жарқын бейнесі бәріміздің жадымызда мәңгіге сақталады.

Марқұммен қоштасуға мұхит асып, Геннадий Головкин мен Қанат Ислам да келді. Олар үшін бұл қаза – орны толмас өкініш. Өйткені, спорттан бөлек, өмірде де жақсы сыйласқан олар. Тіпті ағалы-інілі болып, ел байрағын бірге көтеруге уағдаласқан екен. Кім біледі, ажал аяқтан шалмағанда талай аламанда әлі топ жарар ма еді?!

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада және әлем чемпионы:

– Әлем біріншілігінде, Азия ойындарында қаншама жүлде алып, бүкіл жастарға үлгі болды. Өзі бір азамат еді. Небәрі 25 жаста қыршын кетті. Барлығымыз қайғыра көңіл айтамыз.

Денис Тен соңғы кездері кезекті Олимпиада ойындарына қызу дайындалып жүріпті. «Халық аренада» жаттыққан ол бұдан да биік белестерді бағындыруды мақсат тұтты. Әттең, сол мұратына жете алмады. 

Ермахан Ыбрайымов, Олимпиада чемпионы:

– Денис Тен өзінің алдындағы Олимпиада ойындарында ойнайтындығын айтқан. Сол Олимпиада ойындары болар кезде мен оған әзілдеп: «Денис, мен алғашқы Олимпиадамда қола алдым, сен де қола алдың. Енді келесі Олимпиадада мен сияқты алтын ал» деп, бата берген едім.

Әйгілі фигурист өз елін шартарапқа таныту үшін жаһандық жарыстарға қатысып қана қойған жоқ. Ол «Денис және оның достары» атты шоу-бағдарламасын әзірлеп, Қазақстанға даңқы спортшыларды алып келді. Алғашқы рет осы жоба аясында дәл осы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өнер көрсетіп еді. Енді міне сол сарайдан бақиға аттанды.     

Серік Сәпиев, Бокстан екі дүркін әлем чемпионы:      

– Мен «Денис және оның достары» атты жобаның алғашқы жүргізушісі болғанмын. Ол кезде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ине шаншар орын жоқ еді. Бұл қаза әр қазақтың жанына батты. Ол отандық мәнерлеп сырғанау спортын өрге сүйреген жан. Қазір Дениске еліктеп, талай өскін осы спорт түріне барып жатыр.

Мұзбалақ ұлдың мұқым елге сіңірген еңбегі ерен. Содан болар марқұммен қоштасуға келгендерде бүгін есеп болмады. Сарай ішіне сыймай қалғандары тапжылмай сыртта күтті. Шамамен 5 мыңға жуық тұрғын батыр ұлды ақтық сапарға шығарып салды.

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі:

– Өте сол балаға ғашық едім. Адами тұрғысынан да, білімділігі жағынан да, мәдениеті өте жоғары бала. Өзінің мамандығына қатты берілген, сол арқылы қазақ атын әлемге танытқан, қазақ жалауын әлем алдында желбіреткен мықты спортсмен ретінде сыйлайтын едік.

Марқұм Алматы маңындағы Достық ауылына жерленді. Чемпионмен қоштасуға келген қарақұрым көпшілік соңғы рет оның құрметіне қол соғып, ұзақ тұрды.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы