352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында жараланған сарбаз палатаға ауыстырылды

  • 219

Қарағанды облысындағы әскери полигонда болған жарылыстан бір сарбаз қолынан айырылды. Қазір ауыр жарақат алған Асан Сембіұлы облыстық медициналық орталықтың жансақтау бөлімінен палатаға шығарылған.

Оқиға «Қарабас» оқу орталығы полигонында болған еді. Осы төтенше оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр.

Сол күні Асан Сембіұлы полигон аумағындағы шөпті шабуға кіріскен. Әскери қызметкер жерден пластмассаға ұқсас белгісіз затты тауып алып, оны ала бергенде, жарылып кеткен.

Асан Сембіұлы, 54\51 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметкері:

- Шөп шабуға бардым. Былай былай қарадым не нәрсе деп, көтеріп. Сол кезде жарылды да кетті, құлағымда шыңылдаған дыбыс естілді, қолыма қарасам жарты қолым жоқ.

Оқиға «Қарабас» оқу орталығы полигонында болған. Жарақаттанған әскериге жедел жәрдем жеткенше, оқу орталығындағы әріптестері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Абай қаласының ауруханасына жеткізіліп, оң қолына операция жасалды. Одан кейін алған жарақатының ауырлығына байланысты облыстық ауруханаға ауыстырылған.

Талғат Жүкен, облыстық медициналық орталық директорының орынбасары:

- Науқас біздің клиникада тексеруден өткізілді. Беті мен мойны 2-дәрежелі күйікке шалдыққан, сол көзі зақымдалған. Сол себепті беті мен көзіне хирургиялық операция жасалды. Оң қолының жарақаты ауыр болғандықтан кесіп тастауға тура келді.

Бүгін аталған төтенше оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұлттық Ұланның Орталық өңірлік басқару өкілдері мен құзырлы органдар тергеу жұмыстарын бастап кетті.

Ринат Омаров, ҚР Ұлттық Ұланның 54\51 әскери бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда  қылмыстық кодекстің 42-бабы бойынша іс қозғалды. Ол жарылғыш заттармен абайсызда қолдану бабы. Қазір жарылғыш затқа қатысты ештеңе айта алмаймыз. Тергеу жұмыстарының нәтижесі бойынша хабарланады. 

33 жастағы Асан Сембіұлының отбасы, екі баласы бар. 12 жылдан бері әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етіп келеді.  

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы