356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтау саммиті туралы әлемнің 400-ден астам БАҚ өкілдері ақпарат таратады

  • 489

12 тамызда өтетін Ақтау саммиті туралы әлемнің 400-ден астам БАҚ өкілдері ақпарат таратады. Маңғыстау өңіріне Каспий аймағы мемлекеттерінен бөлек Франция, Бельгия, Египет және Еуропаның өзге де елдерінен журналистер келеді деп күтілуде.

Қазір Ақтаудағы жаңа Достық үйінің жанынан  баспасөз орталығы жасақталып жатыр.

Талғат Исламұлы, Twitter@Talkin_84:

- Ақтау саммиті жөнінде әлемге ақпарат тарататын баспасөз орталығының жұмысы осы жексенбіде, яғни 12 тамызда басталады. Медиа орталық орналасатын ғимарат менің ту сыртымда тұр. Бүгін-ертеңдері бұл кешенге дүниежүзі мемлекеттерінен Маңғыстау өңіріне арнайы келген 362 бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосады. Олардың қатарында ЕuroNews телеарнасы, Англия мемлекетінің Guardian газеті, испаниялық EFE агенттігі және Азия елдеріне танымал БАҚ өкілдері бар.

Ақтау саммитінің 12 тамызда өтуі тегін емес. Күндерекке үңілсек, бұл дата 2007 жылы жағалау елдерінің бірлескен шешімімен «Каспий күні» болып белгіленді. 2006 жылдың 12 тамызында Тегеран конвенциясы күшіне енді. Осы кезден бастап теңіз биоәлемін қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару мақсатында бес мемлекетте жыл сайын аталып келеді. Ғалымдардың болжауынша, бүгінге дейін әлемдегі ең тұйық су алабына 70-тен аса атау берілген. Кешегі Сихай, Хазар, Гиркан бүгінгі Каспий арқылы Қытайдан Кавказға, Парсы шығанағы елдерінен Орталық Азияға, мұнан соң Ресейге, одан әрі солтүстік Еуропаға бағытталған жүк тасымалдары жүзеге асырылады. Яғни Каспий теңізінің қазақ елінің экспортын дамытудағы «алтын көпір» деп айтсақ, қателеспейміз.

Талғат Жұмағұлов, ҚР СІМ халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы:

- Ақтау саммиті Каспий маңы мемлекеттерінің Каспий теңізіндегі көптеген түйткілді мәселелерді шешуге, ондағы ынтымақтастық жөніндегі мәселелерді шешіп береді деп күтеміз. Сарапшылар 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып, жұмыс істеді. Мемлекет басшылары 4 рет кездесті. Ал өткен жылғы желтоқсан айында Мәскеу кездесуінде 5 елдің сыртқы істер министрлері Каспийдің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияны бекітіп, оны елбасылар деңгейіне ұсынуға шешім қабылдады. Бұл құжат құқықтық мәртебені айқындайды. Яғни осы мемлекеттердің ынтымақтастығы құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Бұл – теңіздің суы, табиғи ресурстары және теңіз үстіндегі әуе кеңістігін пайдалану. Құқықтық мәртебе айқындалған кезде өңірде инвестиция да, даму да болады және өсіп-өркендеу де жаңа қарқын алады деген үміт бар.

Талғат Исламұлы, Twitter@Talkin_84:

- Ақтау саммиті туралы әлемге ақпарат жариялайтын 400-дей журналистің 62-сі қазақстандықтар. Олардың 45-сі республикалық, қалған 17-сі аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Сондай-ақ 600-ден астам делегат қатысады деп жоспарланған Ақтау саммиті қарсаңында Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді.

Авторы: Талғат Исламұлы

Хабар 24 телеарнасы