353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Маңғыстау облысында жүзеге асырылатын бірқатар жобамен танысты

  • 822

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Елбасы Ақтау қаласында өңір жұртшылығымен кездесіп, аймақ басшысының есебін тыңдады. Кездесуде Маңғыстау жерінің транзиттік әлеуетін арттыратын жобалар талқыланды.

Елбасы аялдаған алғашқы нысан – Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйі. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Елбасына өңірде жүзеге асырылатын бірқатар жобаларды таныстырды. Алдағы уақытта мұнайлы өңірде тоқыма ісі жанданбақ. Аймақта мақта-мата фабрикасы салынып жатыр. Жобаны Үндістанмен бірлесе жүзеге асырмақ. Кәсіпорын тәулігіне 60 мың метр мата тоқитын болады. Сондай-ақ Ақтауда шағын экоқала бой көтермек. Оның аумағы - 865 гектар. Аты айтып тұрғандай қоршаған ортаға зияны жоқ. Түпқараған ауданында жел электрстанциясы іске қосылады. Жалпы Президентке таныстырылған 7 жоба өңір экономикасын әртараптандыруға көмектеседі. Жалпы құны 1,6 трлн теңге. Өңдеу өнеркәсібін арттыру көзделіп отыр.

Қай облыс болмасын, Президенттің аймақ жұртшылығымен үнемі жүзбе-жүз кездесулер өткізуі дәстүрге айналған. Маңғыстау жерінде де Нұрсұлтан Назарбаев аймақ жұртшылығымен кездесіп, ой-пікірін тыңдады. Олардың арасында еңбек ардагерлері, өнеркәсіп жұмысшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Тыңдау дәстүрге айналғанын білесіздер. Барлық көршілерімізбен, Құдайға шүкір, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Соның ішінде сыртымыз тыныш, ішіміз тыныш. Тек қана осындай жағдайда өсіп-өркендеуге болады. Ал тыныш еместердің не болып жатқанын менен жақсы білесіңдер. Сондықтан мұның барлығы Маңғыстаудың экономикалық дамуына зор әсерін тигізеді. Енді мінекей, әкімнің баяндамасын тыңдаймыз. Мына  тұрған елдердің барлығы қарым-қатынас өңдеу өте жақсы болатын. Мына әулиелі мекен Маңғыстауға келіп, сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Әдейі кездесуге ұсыныс жасадым. Ертеңгі шаруа өз алдына. Әлемдік саясатта өзіндік орны бар қала болайын деп тұр болашақта. Осының өзі өлкенің стратегиялық маңызы қаншалықты зор екенін көрсетеді. Бұл басқосу менің айтқан бес әлеуметтік бастамамен сай келіп отыр. Бүгін осы мәселе жөнінде сөйлесетін боламыз. Сіздердің өңірлеріңіз экономикалық дамуға ерекше үлес қосып келе жатқан өңір. 

Аймақтың транзиттік әлеуеті зор. Жұмыс сапарымен келген Президент осыған тоқталды. Құрлық, әуе немесе жерде болсын транзиттік бағыттарды дамытуға мүмкіншілік бар. Даму жоспарындағы негізгі бағыттардың бірі транспорт және логистика болып қалмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Маңғыстауда мұнайдың төрттен бірі өндіріледі. Бірақ та Маңғыстау халқы мұнай, мұнай-газ деп келе жатырсыздар. Бұл психологиядан ажырау керек. Біз басқа экономикаға еріп тәрбиелеу, басқа мамандыққа үйрету керек. Сол үшін көп шаруалар жасалып жатыр. Ол газға, мұнайға рақмет. Ол бар. Әлі де бола береді. Осының барлығы дегенменен түбінде келгенде біз тек қана сонымен қалмауымыз керек. Бұл енді өлке бұрынғы Жібек жолының орнында тұр. Сондықтан бүгінде Жібек жолы өздеріңіз білесіздер, мына Нұрлы жол, Қытайдың ұсынысы, барлығы бірге бірігіп, темір жолы арқылы Ұлы Жібек жолы қайтадан орнына келейін деп отыр. Сондықтан өңірде ұшақ, пойыз, паром, кеме өтетін өңір болып отыр қазір.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын нысанның бірі – Құрық порты. Биыл тек қана Құрық портындағы контейнерлік жүк тасымалдау 1,5 млн тоннадан 4 млн тоннаға жеткен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Ертең Өзбекстанның шекарасымен Ақтауды қосатын боламыз. Тағы да көліктің жүруі көбейеді. Заманауи теңіз порты бар. Бұрыннан да бар еді. Енді Құрық портында паром іске қосылды. Ертең барып ашатын боламыз. Құрық порты еліміздегі үшінші жаңғырудың жарқын көрінісі. Осы екі заманауи порт бірін-бірі толықтырып, халық анау Тынық мұхиты арқылы, бүкіл Қазақстан арқылы осы үшін Жезқазған-Бейнеу деген 1500 шақырым жолды 2 жылда салдық. Баяғыда 400 шақырым жол саламыз деп кеңес үкіметі шулаған болатын. Тынық мұхитты Каспийменен қостық деп айтуға болады. Сонымен ертең мынау біз Құрықта ары қарай Кавказ, Ресейге қарай неше түрлі паром мен көліктерді өткізетін боламыз. Облыстың өркендеп, дамуы жаман емес. Өңірлік өнім былтыр 4,4 пайызға өсті. 

Халықтың әл-ауқаты қалай, аймақта не тындырылып жатыр? Күнгей-көлеңкелі мәселелер бар ма? Елбасының әкімдерден бірінші кезекте сұрайтыны осы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын әлеуметтік нысандар, несиелендіру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сырттан тікелей инвестиция тарту -  қай өңір болмасын күнтәртібінен түскен емес.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 106 пайызды немесе 256 млрд теңгені құрады. Өсімге Индустрияландыру картасы мен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы жобалардың іске асырылуымен қол жеткізілді. Индустрияландыру картасы іске қосылғаннан бері жеті жылдың ішінде облыс бойынша 42 жоба пайдалануға беріліп, 392 млрд теңге инвестиция тартылса, сіздің тапсырмаңызға сәйкес жобалық басқару басталғаннан бері тек 1 жылдың ішінде инвестициялық құны 418 млрд теңге болатын 89 жоба жүргізілуде.

Маңғыстау облысындағы «Нұр капитал» - аймақтық жоба. Мақсаты - шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау. Бағдарлама аясында облыс тұрғындарына 1 пайызбен несие беріледі. Банктерден берілетін 11 пайыздық берешектің 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Қарыз алушының кепілге қояр мүлкі болмаса, «Даму» қоры көмектеседі.

Дмитрий Кличев, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер:

- Ауыл кәсіпкерлеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін алғыс айтамын. Жақында қаладағы дүкен сөрелерінен жергілікті кәсіпкерлердің өнімін көрдім.

Өңірдің одан әрі даму жоспары белгілі. 2023 жылға дейінгі аймақ экономикасы өсімінің резерві ретінде ауыл шаруашылығы мен туризм салалары белгіленді. Мәселен, ауыл шаруашылығы секторының ішкі өңірлік өнімдегі үлесі соңғы 7 жылда 0,3 пайызға өскен.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Мұнай өндірісі әзірге өңір экономикасының негізгі саласы болып қала бермек. Сондықтан біз осы саланың даму қарқынын бүгінгі деңгейде сақтайтын боламыз – бұл жыл сайын 101%. Сонымен қатар негізгі акцентті жергілікті қамтуды арттыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыттаймыз. Оған толық мүмкіндіктер бар. Мысалы, 2017 жылы өңірдің мұнай өндіруші компаниялары тауарлар мен қызметтердің 30% сырттан сатып алды немесе шамамен 500 млрд теңгені құрайды. 

Жалпы аймақта атқарылған игі іс көп. Экономикалық ахуал тұрақты. Өңір басқа облыстардан қалыспай дамып келеді. Бұл - Маңғыстау жеріндегі шаруаға берген Президенттің бағасы. Маңғыстау облысы – еліміздегі донор аймақтың бірі. Табыстың дені қара алтыннан түседі. Елбасы сондықтан алдағы уақытта экономиканы әртараптандыруды тапсырды.

Әсем Қабылбек, тілші: 

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау жеріне жұмыс сапары тарихи жиынмен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы демалыста Каспий маңы елдерінің көшбасшылары Ақтауда жиналып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қояды деп күтілуде. Оған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран елдерінің көшбасшылары қатысады. 

Авторлары: Әсем Қабылбек, Айдос Меделбеков, Ержан Қапанияұлы, Антон Болтрушевич

Хабар 24 телеарнасы