359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

  • 139

Елдестірмек елшіден. Ақордада Елбасы Қазақстанда өз дипломатиялық миссиясын бастаған елшілерден сенім грамоталарын қабылдады. Президент осындай жауапты қызмет жүктеліп отырған лауазым иелерін құттықтап, әріптестіктің басым бағыттарын сөз етті.

Орайы келгенде кәсіпкерлер мен инвесторларды біздегі жобалар мен Астана халықаралық қаржы орталығына атсалысуға шақырды.

Екі елді байланыстырып, арада алтын көпір болатын елшілер Ақордада әрдайым қадірлі қонақ. Ливан, Украина, Бразилия мен Германия және Пәкістанмен қарым-қатынас енді осы қаз-қатар тұрған 5 мемлекеттің өкіліне де тікелей байланысты. Жауапты міндет жүктеліп отырған дипломаттар мұны жете түсінеді. Біздегі жобалар мен инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлерге жасалған жағдайға қанық. Әрі олар еліміз үшін ерекше кезеңде қызметке кірісіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті елші мырзалар, сіздердің Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңызың еліміз үшін елеулі кезеңмен тұспа-тұс келді. Жақында біз Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Қысқа мерзім ішінде әсем қаламыз  көп ұлтты халқымызды біріктірді, сондай-ақ тың идеялар мен инновацияларға жол ашты. Астана бейбітшілік пен келісімнің жаңа платформасы ретінде танылды. Бас қаламыз адамның даму үдерісіне ықпал ететін әрі тарихи шешім қабылдайтын орталыққа айналғанын өздеріңіз білесіздер.

Астана енді халықаралық қаржы орталығына айналуды мақсат етті. Бұл ретте Елбасы елшілер арқылы кәсіпкерлерді осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырды. Әрі жуырда ғана Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін

Құрық портының іске қосылғанын ескерсек, бізбен ынтымақтастық орнататын жобалар аз емес. Ал Каспий саммитінде қол қойылған конвенция,  теңіз маңындағы 5 елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Оның нәтижесінде 2020 жылдары ел қазынасына жылына 5 миллиард доллардан астам қосымша кіріс түсуі керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Иә, инфрақұрлымдық жобалардың арқасында Қазақстан бүгінде өз өнімін әлемнің 120-дан аса еліне жөнелтіп жатыр. Сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге, көптеген мемлекеттерге визасыз жүйенің енгізілгені ықпал етті. Мәселен, Украинамен арадағы сауда-айналымы былтыр 19 пайызға артқан. Елімізде мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Украина бізбен тек экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, саяси ынтымақтастықты да тереңдете түсуге мүдделі.

Иван Кулеба, Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз Қазақстанмен саяси диалогты жандандырғымыз келеді. Бұл ретте біздің Парламенттің бірінші вице-спикері жуырда сіздердің елдеріңізге сапар жасауды жоспарлап отыр. Біз әріптестігіміздің басым бағыттарын талқылап, жол картасын түзетін боламыз. Әрине сауда-экономикалық байланысты нығайту да маңызды. Ал, мәдени-гуманитарлық байланыстарды айтар болсақ, биыл Қазақстан Президентінің  Днепродерживинск қаласында оқығанына 60 жыл болды. Бұл ретте біз сол кезең суреттелген кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.

Бразилиямен де ынтымақтастық нығайып келеді. Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл. Ал Германия болса, 6 млрд еуродан асатын арадағы алыс берісті екі есе арттыруды көздейді.

Тило Клиннер, ГФР Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 6 млрд еуродан асады. Бірақ, біз өз мүмкіндіктерімізді толық пайдаланып отырған жоқпыз. Ауыл шаруашлығы, химия, машина жасау саласындағы әріптестікті жандандыру керек. Нәтижесінде алдағы жылдары арадағы алыс-берісті 10 млрд еуроға дейін жеткізуге болады. Біз инвесторларды осында  іске асып жатқан жобаларға тартып, Қазақстанның көлік хабы ретінде дамуына атсалысуға әзірміз.

Марсия Доннер Абреу, Бразилияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Мен Қазақстанның мүмкіндіктерін Бразилияға таныстыру бағытыда көбірек жұмыс істейтін боламын. Әсіресе ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика және мәдени-гуманитарлық бағыттағы әріптестікті тереңдету түсуге атсалысамын.

Ал Пәкістанмен сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін Елбасы бірлескен Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру керек деді. Бұл ретте Пәкістан елшісі Шанхай ынтымақтастық ұйымына қосылу кезінде Қазақстанның көрсеткен қолдауына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Ливанмен әріптестікті жандандыру да маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде Қазақстанда Ливанның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде. Бірлескен Үкіметаралық комиссия құру, іскер топтар өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыру екі жақты байланысқа тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Бейруттің Таяу Шығыс аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз.

Елбасы елшілер қос мемлекеттің арасындағы достық пен сенімді одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді. Ал делегаттарды 10-11 қазан күндері Қазақстанда өтетін діндер көшбасшыларының VI съезіне атсалусыға шақырды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Еділ Ермекбаев, Ержан Қанапияұлы, Хасен Омарқұлов

Хабар 24 телеарнасы