363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision 2018: Іріктеу сынында кімдер төрелік етеді?

  • 228

Junior Eurovision 2018. Жас таланттардың өнер додасында ел намысын қорғайтын дарынды анықтайтын іріктеу сынында төрелік ететін әділқазылар алқасының тізімі белгілі болды.

Олар жас өрендердің өнеріне баға беріп, жүзден жүйрік шыққанын ақтық сынға аттандырады. Бұл жолғы жобаның жөні бөлек. Сондықтан кәсіби мамандар бағалаумен қатар баптауды да ұмытқан жоқ. Себебі байрақты бәсекеде бақ сынайтын бүлдіршіндердің бетін қақпай, белін буу керек.

19 мемлекеттің майталмандары қатысатын бәйгеге Қазақстан алғаш рет өз үміткерін үкілеп қосады. Қатысушының жігерін жаныған намыс пен рух, байрақты бәсекеде жеңіске жетелейтіні сөзсіз. Сондықтан сыншылдық пен шыншылдықты тура айтатын қазылар алқасы әр қатысушының өнеріне аса зер салып қарайды.  

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Өтініштерді қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін, осы музыка саласының білікті мамандарынан жасақталған қазылар алқасы тыңдау жасап, балалардың өтініштерін қарап, солардың ішінен финалға өтетін финалистерді анықтайды. Әділқазының ішінде елімізге танымал, белгілі, музыка саласында өзіндік орны бар, осы саланың білікті мамандары кірген.

Сонымен, елімізде өтетін іріктеу сынында төрелік ететін қазылар арасында мынадай танымал тұлғалар бар. Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, белгілі композитор Ринат Ғайсин, музыкалық продюсер Бағым Мұхитдинова, халықтың сүйікті әншілері Мейрамбек Беспаев, Қайрат Нұртас, Димаш Құдайберген және Мадина Сәдуақасова.

Мадина Сәдуақасова, әнші:

- Әділқазы ретінде айтарым, құрметті ата-аналар, 31 тамызға дейін өздеріңіздің өтініштеріңізді «Хабар» арнасының сайтына өткізе аласыздар. Қалып қоймаңыздар. Кім біледі, мүмкін сіздің балаңыз әлемдік сахнада ән шырқап жүрер.

Иә, ол да рас. Онда қайталап өтейік, қағаз бен қалам алып түртіп алыңыз. Өтініштерді 31 тамызға дейін «Хабар» арнасының сайтында беруге болады. Әннің ұзақтығы 2 минут 45 секундтан 3 минутқа дейін болуы керек. Қойылатын тағы бір талап – ән қатысушы елдің тілінде болуы шарт, яғни қазақ тілінде. Ал 40 пайызы ағылшын тілінде. Ал жас таланттардың тартысты додасын «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин

Хабар 24 телеарнасы