352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты

  • 312

Ыстықкөл жағасында үшінші дүниежүзілік көшпенділер ойыны ресми түрде ашылды. Биыл күллі әлем көз тіккен іс-шараға 80-нен аса мемлекеттен 2 мыңнан аса спортшы қатысады.

Дүбірлі доданың ашылу салтанаты тарихи қойылыммен ерекшеленді. Естен кетпес шараны арнайы шақыртылған қазақ көшбасшысы да тамашалады.

Күн күлімдеп тұрмасада Ыстықкөл жағасына ағылған туристер қатары қалың. Себебі жуырда ғана тәуелсіздік күнін тойлаған айырқалпақты ағайын дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізіп жатыр. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатқан дода – қырғыз жерінде қолға алынған ең ауқымды спорттық шаралардың бірі. Мәселен, алғаш рет бұл игі шараға  600-ге жуық адам қатысса, осыдан 2 жыл бұрын сайыскерлердің саны мыңнан асқан. Ал биыл олардың саны 2 мыңнан асып отыр. Ойындардың басым бөлігі Кырчын шатқалында өтеді. Онда дода басталмас бұрын мыңға жуық өнерпаздың қатысуымен сахналық көріністер көрсетіледі.

Қырғыздың Кырчын шатқалы осы күндері нағыз көшпенді халықтың тұрмысынан сыр шертеді. Мұнда мыңға жуық киіз үйлер тігілген жарысқа қатысатын барлық спортшылар сонда тұрақтап, сайыста бақ сынасатын болады. Байқап тұрсаңыздар, қазір мұнда соңғы дайындық шаралары пысықталып жатыр. Ұйымдастырушылар ертең өтетін додаға сақадай сай тұр.

Жарысқа қатысатын спортшылардың басым бөлігін қырғыз командасы құрайды. 500-ге жуық сайыскер 37 спорт түрінен күш сынасып, ел намысын қорғайды. Аламан бәйгеге талайды шаң қаптырған шабандоздар мен белдескеннің белін үзетін балуандар, ата кәсіпті нәсіп еткен құсбегілер ат терлетіп арнайы келген. Соның бірі – бала кезінен құс салып үйренген Нұрбек Қожағұлов. 5 жыл қатарынан салбұрында бақ сынасып жүрген ол жүлдеден үмітті.

Нұрбек Қожағұлов, бүркітші:

- Бала кезімнен құс салып жүрмін. Бірақ салбұрынға қатысып жүргелі бес жылдай болды. Жаппай салғанда танылмайсың, ел арасында салғанда көрінесің. Бұл төрт айлық балапанды ұядан алғанмын, бұйыртса 5-6 кг болады.

Қырғыз елінің атынан сынға түсетін Нұрбек өзінің басты қарсыласы қазақ спортшылары екенін жасырмайды. Оның себебі де түсінікті. Бұдан бұрын өткен ойындарда біздің спортшылар – жалпыкомандалық есепте үздік үштіктің қатарынан көрінген мықтылардың бірі.

Асхат Акибаев, «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» жобасының жетекшісі:

- Қазақстандық спортшылар – біздің ойынға қатысатын ең мықты командалардың бірі. Бізбен бәсекеге түсетін басты қарсыласымыз десек те болады. Себебі үнемі қазақ пен қырғыз елінің сайыскерлері ақтық мәреге дейін жетеді.

Биыл көшпенділер ойынында Қазақстан құрама командасының сапында 200-ге жуық спортшы ел намысын қорғайды. Осылайша адам саны бойынша еліміз Ресейден кейін үшінші орынға жайғасты.

Сонымен, көптен күткен сәт те келіп жетті. Ойынның ашылу салтанатын тамашалауға келген халықтың санында шек жоқ. Арнайы шақырылған құрметті қонақтардың қатарында қазақ көшбасшысы да бар. Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті және Мажарстанның премьер-министрімен бірге салтанатты шараға куә болды.

Көшпенділер ойындарына Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек Франция, Шри-Ланка сынды елдер де қатысып жатыр. Ең қызығы, америкалық спортшылар да көкпардан сайысқа түспек. 8 қыркүйекке дейін созылатын жарыстың жалпы жүлде қоры – 26 млн сом. Бұл – шамамен 130 млн теңге.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы