356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: Алматы тұрмысқа қолайлы қала ретінде одан әрі дамуы тиіс

  • 341

Алматы өмір сүруге жайлы, тұрмысқа қолайлы қала ретінде одан әрі дамуы тиіс. Бүгін шаһарға жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Президент мегаполистегі ірі зауыттарды аралап, өндіріс орындарының жұмысын көрді. Кейін Алматының бас жоспарының бас кеңсесінде аялдап, қаланы дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.

Қала – адамдар үшін. Алматы қаласы соңғы жарты жылда адам танымастай өзгерген. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар көбейген. Яғни даниялық сәулетші Ян Гейлдің жобасына сәйкес, қаланы тұрғындарға қолайлы ету тұжырымдамасы сатылай жүзеге асырылады. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек пен құрылысшылар Елбасына жаз бойы күрделі жөндеу жүргізілген басты көшелерді таныстырды. Жалпы мегаполис бойынша ұзындығы 160 шақырым болатын 150-ден астам көше жөнделіпті. Соның ішінде ерекше атап өтері – Абай және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдары. Қаланың тарихи орталығы жаңа кейіпке еніп, көпшіліктің сүйікті мекеніне айналған.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

– Сіз көріп отырған көше мүлдем басқаша болатын. Біз жабайы сауда орындарын жойып, мұнда ақпараттық орталық ашып, веложолақ салдық. Қарама-қарсы тұрған ғимараттың сыртқы сәулетін қалпына келтірдік.

Айнала жасыл-желекке көмкерілген. Жаңа субұрқақтар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлайды. Орталық көшелерде күні-түні адам үзілмейді. Қараңғы түссе, бұл аумақта көше шамдары жарқырайды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар кеңейтіліп отыр. Веложолақтар спортпен белсенді айналысатындар үшін өте қолайлы. Осылайша, қаланың тарихи бөлігі саналатын жерлер адам танымастай түрленген.

Қоғамдық көліктерге де қатысты өзгерістер жетерлік. Президент жүрдек автобустарға арналған дәліз жүйесімен танысты. Бұл – қаладағы қоғамдық көліктердің жүктемесін азайтып, жолаушыларды діттеген жеріне тез жеткізуде таптырмайтын жүйе. Жылдамдығы жоғары автобустарға арналған дәліз әлемдегі ірі мегаполистерде бұрыннан қолданыста бар.

«Алатау» инновациялық технологиялар паркі – Алматы қаласының басты драйвері. Ғылым мен озық технология барлығы осында тоғысқан. Бір шетінен мұндағы кәсіпорындар қаладағы күрмеулі мәселелерді шешуге ат алысады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды паркте «Tokya Rope Almaty» зауытына барды. Жаһандағы ғылымы озық жұрттың бірі – Жапония. Әріптестік екі тарапқа да тиімді. Әлемге әйгілі «Токиороуп Мэнуфэкчуринг» корпорациясының еліміздегі бөлімшесі. Алып корпорация ірі жобаларға арнап өнім әзірлейді. Соның бір мысалы – құрлық арасын жалғайтын көпірлер. Зауыт жылына 17 мың тонна түрлі мыс өнімдерін шығарып, экспортқа жөнелтеді. Тау-кен өндірісі мен төтенше жағдайлар қызметінде жоғары сұранысқа ие.

Тошио Такеяма, Тokyo rope Almaty зауытының бас директоры:

– Біздің компаниямыздың Қазақстан аймағында ашылуы бизнестің дамуына әсер етті. Бұл жақтан білікті мамандарды тез таптық. Зауыт кестеден қалмай жұмыс істеп келеді. Индустриалды аймақта инвестор ретінде барлық көмекті алып жүрміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тokyo rope Almaty» зауытын Жапонияға 2016 жылы жасаған ресми сапары барысында ашқан болатын. Жапондар автоматтандырылған өндіріс орнын ТМД бойынша тек Қазақстанда ғана ашып отыр. Шикізат жергілікті жерден.

Тараптар екі елге ортақ ірі жобаны одан әрі жандандырмақ. Зауытты аралаған Президент ежелгі дәстүр бойынша Дарума қуыршағының көзін қарындашпен бояды.

Бизнес тілімен айтқанда, алға қойған мақсатқа жету жолында серіктестер бірлесіп жасайтын көне рәсімдердің бірі. Түпкі мәні – телегей табысқа жету деген наным. Индустриалды аймақта кабель өткізгіш өнімдер шығаратын ресейлік «KMK Investment» зауыты жұмыс істейді. Қазақстан мен Ресейге ортақ жоба. Өндірістік кабель желілерінің сан алуан түрін шығарады.

Елбасы зауыттың тыныс-тіршілігімен кеңірек танысып, жұмысшылармен тілдесті. Бір қызығы, кәсіпорынның бүгінгі қызметкерлері – оның құрылысынан бастап ат салысқан жандар.

Өркен Сыпатаев, жұмысшы:

– Мен қарапайым отбасынан шықтым. Осындай зауытта жұмыс істеп, жағдай жасап, болашаққа нық қадам жасап келеміз. Осының бәрі мемлекетіміздің арқасы деп ойлаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге үлкен рақмет.

Алматыда көлік нөпірін азайтып, экологиялық ахуалды тұрақтандыру өзекті. Қала басшылығы осы бағытта қоршаған ортаға зияны тимейтін қоғамдық көліктерді көбейтіп отыр. «FalkonEurobus» – Қазақстан, Германия және Гонконгтың бірлескен жобасы. Жылына 100 электро-автобус құрастырады. Көліктерді Еуразиялық экономикалық одаққа өткізу тиімді. Мамандардың жоғары бағасына ие болған автобусты Президент те сынап көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Экология мәселесі Алматыда бірінші орында тұр. Сондықтан газға ауыстыру, электро-автобустар жүргізу, атмосфераны ластауды төмендету мәселелерін қолдаймыз. Шынын айтқанда, Алматы үшін ғана емес, басқа қалаларға да керек.

Шаһардағы адам санының көбеюі, урбанизация мәселесі шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр етеді. Алматыға жұмыс сапары барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматының бас жоспарының жүзеге асырылу барысымен танысты. 9 қабатты су жаңа ғимарат жаңадан салынған. Мұнда цифрлы геоақпараттық орталық жұмыс істейді. Кез келген адам Алматыдағы сәулет өнері мен қаланың қалыптасу тарихымен 3D форматында таныса алады. Қалада тұрғызылатын ғимараттардың сыртқы келбеті жаӊаша сандық технологияларымен жабдықталмақ. Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғындарының саны өсіп, оның аумағы ұдайы кеңейетінін ескеріп, қаланың бас жоспарын әзірлеуге жауапты институтты қалпына келтіруді тапсырған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Такие крупные страны, как Канада, Австралия, Мексика имеют урбанизацию сегодня 80%, мы в Казахстане – 57%, где будет происходить? Конечно в крупных городах, их и так не много: Астана Алматы, теперь Шымкент и другие города. Необходимо развивать транспорт, улицы, пешеходы, переезды, камеры установить.

Әсем Қабылбек, тілші:

– Алматы – ел экономикасының негізгі доноры. Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 20,9 пайызын иеленіп отыр. Соңғы 10 жылда қала көлемі 2 есеге өскен. Жаңадан Алатау және Наурызбай аудандары құрылды. Алдағы уақытта Алматы қала ішіндегі аудандарды дамытуға ден қоймақ.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Руслан Жәкеев, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұлов

Хабар 24 телеарнасы