359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Б.Сағынтаев бірқатар ведомство басшысына ескерту жасады

  • 240

Бюджеттен бөлінген қомақты қаражат уақытылы игерілмей жатыр.

Бүгін ел Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында бірқатар ведомство басшысына ескерту жасап, қалыптасқан жағдайды тез арада өзгерту қажеттілігін қадап айтты. Қай министрліктер мен облыстар қара тізімде көш бастап тұр?

Үкіметтен бөлінген қаражатты игере алмағандар тізімін таңертең Қаржы министрі, ал түстен кейін елорда әкімі болып тағайындалған Бақыт Сұлтанов жариялады.

Қолындағы қаржыны тиімді пайдалана алмағандар қатарында Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және спорт министрліктері аталды.

Бақыт Сұлтанов, қала әкімі:

- Атқарылмағаны – 91 млрд теңге, оның ішінде бюджет қаражатының үнемделуі – 10,3 млрд теңге. Игерілмеу сомасы – 80,7 млрд теңге. Бұл 2017 жылдың 8 айындағы көрсеткішке қарағанда 21 млрд теңгеге аз.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев кінәлілердің әрқайсысынан түсініктеме беруді талап етті. Бірі конкурстық бюрократияға сілтеме жасаса, екіншісі ауа райының қолайсыздығы кедергі болғанын алға тартты.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Біздің бюджет 355 миллиард. Оның ішінде 10,9 миллиарды игерілмей қалды. 5 миллиард су шаруашылығының актілері. Актілерге қол қойылса, ақша бірден төленеді. Ғылым жағынан ПЦФ бар. Баяғыдан дайын. Бірақ Білім министрлігіне өтінім берілген. Ол жерде 90 күн қаралады.

Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:

1,350 миллион теңге игерілген жоқ. Мәселе бәрі де бізге белгілі. Себебі ауа райының қолайсыздығы үшін кестеден қалып келеміз. Жыл аяғына дейін бәрін шешеміз.

Осы және басқа да түйіткілдер ел экономикасына тікелей әсер етіп отыр. Мәселен биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша есеп берген Ұлттық экономика министрі жалпы ішкі өнім өсімі 3,8%-ды құрағанын алға тартты. Бұл өткен айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,2%-ға төмен.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- СҚО-да (-0,9%), БҚО-да (-2,8%), Түркістан (-3,4%) және Қызылорда (-6,1%) облыстарында өнеркәсіп өнімдері өндірісінің төмендеуі байқалады. 1,1%-дан 3,9%-ға дейінгі динамикасымен, республикалық мәннен (4,7%) төмен өсу Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді.

Үкімет отырысын қорытындылай отырып, Бақытжан Сағынтаев барлық олқылықтарды жоюды тапсырды. Сондай-ақ бөлінген қаражаттың уақытылы игерілуін қадағалайтынын айтты. Ал тиісті шешім қабылдамаған ведомстволар мен өңірлер болашақта бұл қаржыдан айырылады.

Авторы: Дариға Ташенова

Хабар 24 телеарнасы