Президент мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқан инвесторларға талап қойды

Үкімет батыл қадамдар жасауы керек. Президент қара алтыннан әлі күнге дейін өнім шығара алмай жатқан шенділерді сынады. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық жобалардың мән-маңызына тағы тоқталып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың әлі де жеткіліксіз екенін айтты. Мұнай-газ саласында еңбек етіп жатқан инвесторларға талап қойды.

Қазақстан экономикасы қара алтынға байланған. Құны құлдыраса, елдің әлеуеті де әлсіреп кетеді. Мұны мойындауымыз керек. Сондықтан мұнай-газ секторын дамыту еліміз үшін ең маңызды жоба болып тұр бұл күні. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлемдік сауда мен экономиканың біртіндеп қайта қалпына келуінің арқасында біз мұнай-газ секторының халықаралық деңгейдегі, сондай-ақ ел ішіндегі жағдайына зор үміт артып отырмыз.

Үміт арту қол қусырып отыру дегенді білдірмесе керек. Қамдану керек. Біле білсек, саланы тек шетелдік инвесторлар ғана ілгерілете алады. Тап қазір соны көріп отырмыз. Әне Теңіз кенішін қалай түлетті. Қарашығанақты қайта жандандырғалы жатыр. Сосын Қашағанға ойысамыз дейді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Пандемияға қарамастан Теңіз кенішін кеңейту жобасы кестеге сәйкес іске асып жатыр. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешімнің қабылдануы жүйелі жұмыстың тағы бір мысалы. Қазіргі уақытта біз Қашағанды дамытудың ауқымды жоспарының қабылдануын күтіп отырмыз.

Мұны естігендер байлықтың бәрін шетелдіктерге беріп қойды деп топшылауы мүмкін. Анығында олай емес. Келісім жасарда қос тараптың да мүддесі есепке алынады. Таразыға тартылады. Мұнай-газ саласын дамытсақ, қазіргі қаржы қыспағынан да құтылып кетуіміз бек мүмкін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық жобаның геологияға, нарықтан шалғай орналасуына, мұнай түрлеріне байланысты өз ерекшеліктері болғандықтан «біркелкі әдістен» қашуымыз керек. Үкімет жобаларды күрделілігі мен маңыздылығы бойынша жүйелеп, оларды реттеудің және қолдаудың тиісті тетіктерін айқындауы қажет.

Солай екен деп, шетелдіктерге күнімізді қаратып қоймаймыз. Президент мұнайдан бұйым жасайтын кез әлдеқашан жетті деп осыған дейін де айтқан. Бүгін тағы тоқталды. Басқа елден техника тартыңдар, өндірісті бір жерге шоғырланыңдар деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Технология трансфертін және өндірісті бір жерге шоғырландыруды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар әзірлеу керек. Үкіметке осындай тапсырма берілген. Мен ішкі технологиялық және өнеркәсіптік дамуды ынталандыруда энергетикалық жобалардың маңызды екенін үнемі айтып келемін. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы прогресс мәз емес. Бізге тың әрі батыл қадамдар жасау керек.  

Бізге қазір бойға қан жүгірту керек. Ол үшін инвестиция ауадай қажет. Сондықтан ғой мемлекет басшысы шетелдік қаржыгерлерге жағдай жасаңдар деп жатыр. Бюрократиялық кедергілер болмасын деп ескертті. Бірақ инвесторлар да есірмеу керек. Әсіресе қоршаған ортаға құрмет қараңдар деді. Жиын соңында экологияны ластамаудың амалын табыңдар деген талап қойды. 

Автор: Дастан Сейілханұлы