Алексей Цойды «СҚ-Фармация» ісі бойынша сотқа шақыруы мүмкін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «СҚ-Фармация» ісі бойынша сотқа шақырылуы мүмкін. Басы дауға қалған компанияның бұрынғы басшысы Берік Шәріптің қорғаушылары «министр келіп, адвокаттардың сұрақтарына жауап берсін» деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, сотқа ведомство өкілі болып қатысып жатқан Сержан Оралов қорғаушылар қойған көп сауалға нақты жауап бере алмайды. Соның кесірінен сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін. Алайда жәбірленуші тарап, яғни Денсаулық сақтау министрлігі адвокаттардың бұл өтінішімен келіспейтіндерін ашық айтты. Келесі отырысқа дұрыстап дайындалып келетіндерін жеткізді. Сот министрлік өкіліне тағы бір мүмкіндік берді. Егер келесі отырыста сұрақтарға нақты жауап бере алмаса, онда Алексей Цойдың өзі келуі мүмкін.

Еске салайық, Есіл аудандық сотында «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісі қаралып жатыр. Ол қызметтік бабын асыра пайдаланды және заңсыз қару сақтады еген күдікке іліккен.

Келесі сот отырысы 30 сәуір күні өтеді.