ҚР Президентіне мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды

ҚР Президентіне мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің биылғы жарты жылдықтағы жұмыстарының негізгі бағыттары туралы баяндалды.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында жазды.

Министр Бейбіт Атамқұлов өңдеу өнеркәсібінің дамуы жөнінде егжей-тегжейлі есеп берді. Оның айтуынша, жыл басынан бергі өсім көрсеткіші 5,6 процентке, соның ішінде фармацевтика 31 процентке, машина жасау саласы 22 процентке, химия 2,8 процентке және металлургия 0,8 процентке артқан. Бұдан бөлек жыл соңына дейін қасымша 126-дан астам жоба іске қосылады. Бұл жобаларға 1,1 триллион теңге көлемінде инвестиция салынған.

Мемлекет басшысына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жыл басынан бері ұзындығы 2,2 мың шақырым автомобиль жолдары пайдалануға берілгені жөнінде баяндалды. Транзиттік жүк тасымалы артып келеді, соның ішінде Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша бұл көрсеткіш 59 процентке өскен. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бүгінде 6,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 17 миллион шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство жұмысының негізгі бағыттары бойынша тапсырма берді. Мемлекет басшысы жергілікті қатынас жолдарын дамыту және қайта жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын маңызды міндеттер ретінде атап өтті.