Елімізде өз алдына бір бөлек этникалық аудандардың қалыптасуын болдырмау керек – Тоқаев

Еліміздегі қалалар мен ауылдарда оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдар қалыптасып келеді. Бұған қарсы жүйелі шаралар қабылдау керек. Әйтпесе мұның соңы келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Алқалы жиында тағы қандай мәселе қаузалды?

Түркістан мұқым түркі дүниесінің рухани ордасы. Талай мәдениет тоғысқан құтты мекен. Бұл жерде қазақпен бірге өзге де ұлт өкілдері ғұмыр кешіп келеді. Өңір тұрмыстық дау-дамайдан ада деуге келмейді. Сондықтан облыс әкімі жиын басында аймақтағы ахуал жөнінде есеп берді. Баяндаманы тыңдаған соң Президент «жанжалдарға жол бермеу керек» деді. Кейін Түркістанда «Достық үйін» ашуды бұйырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Статистика бойынша Түркістан облысында түрлі тұрмыстық жанжалдар аз емес. Өзіңіз де мысал ретінде Шорнақ, Қарабұлақ елді мекендерінде болған оқиғалар туралы айттыңыз. Тұрмыстық деңгейде болса да дәл осындай жағдайларға баса мән беру керек. Ең алдымен мұндай оқиғалар ұлттық сипатқа ұласпауы қажет. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе Түркістан облысында Достық үйін ашу керек. Мұндай үйлер өңірлердің бәрінде бар.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Біздің Ассамблеяның Достық үйі болған. Бірақ ол Шымкент қаласында орналасқан еді. Оны Шымкент қаласының сұрауымен қала әкімдігінің балансына бердік. Қазір Ассамблея басқармалар үйінде орналасқан. Сіздің айтқан ескертпелеріңізді ескере отырып, жаңа үлгідегі Достық үйін саламыз деп ойлаймын.

Бізде «Аналар кеңесі» бар. Ассамблея жанынан 2014 жылы ашылған. Бүгінде 13 мыңнан аса ананың басын біріктіріп отырған бірегей құрылым.

Талай бастамаларға мұрындық болып келеді. Кеңес төрайымы бүгінде ұлт жанына жақын тақырыпты қаузады. «Қазақ тілінің мерейін өсіре түсу керек» деді.

Назипа Шанаи Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы: 

Ана деген шамшырақ. Отбасының ұйытқысы. Президент те бүгінгі жиында ананың қоғамдағы ролін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз қоғамымызда анаға деген құрметті өте жоғары қоюымыз керек. Сонымен қатар аналар да қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезіну керек. Кейбір көп балалы аналарымыз заңсыз ереуілге шығып, айқай-шу көтеріп, қоғамдық тәртіпті бұзуда. Мы приняли очень хороший закон о мирных собраниях. Қазақстанда бейбіт жиындар туралы заң қабылданды. Бұл демократия жолындағы маңызды қадам. Бейбіт жиындарға, демонстрацияларға ешкім кедергі келтірмейді. Заңда бәрі жазылған. Тіпті ресми рұқсат алудың қажеті жоқ. Хабарлама жеткілікті. Бірақ кейбір азаматтар бұл кішігірім талапты бұзуға болады деп санайды. Мен мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілетінін ескертемін.

Жас буынның бәсекеге қабілетті болуы жарқын болашақтың кепілі. Ал бәсекелестік тілді білуден басталады емес пе?!

Өкінішке орай, өзге ұлттың кейбір жастары ана тілінде ғана сөйлейді. Мемлекеттік тілді меңгермеген. Сайып келгенде заман ағымына ілесе алмайды. 

Шокир Бабаев, «Файз» тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Тек тәжік тілінде ғана сабақ беру, оқу ордасында мемлекеттік тілдің қолданылмауы мектеп түлектерін бәсекеге қабілетсіз қылады. Олар қазақстандық жоғарғы оқу орындарына қабылдану үшін емтиханнан өте алмайды. Арнайы маманның дипломы болмаған соң жұмыс та таба алмайды. Салдарынан мұндай жастарымыз ауылда қалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мектеп түлектері бәсекеге қабілетті болуы қажет. Бұл үшін олар мемлекеттік тілді де, ана тілін де және мүмкіндігінше орыс тілін де білуі керек. Толықтай алғанда, балаларымыздың бірнеше тілді білгені өздеріне жақсы. Оларды бір тілмен ғана шектеуге болмайды. Сол арқылы біз іс жүзінде олардың болашағын шектейміз. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі бүкіл әлемдегі көптілділік тәжірибесін тыңғылықты зерделеп, оны елімізге енгізуі керек.

Әрбір өңірде халықтар достығына арналған саябақтар ашылады. Елдегі бірлікке ешкім сына қақпауы тиіс. Татулыққа сызат түсіретін бір де бір сөз жауапсыз қалмауы керек. Ассамблея қызметіне байланысты ақпараттық жұмыс нақты келісіліп, әрбір қадам бірыңғай алгоритм бойынша атқарылуы қажет. Президент жиын соңында осылай деді. Этносаралық келісімдерді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша роль атқарады. Әсіресе әлеуметтік саладағы саясаттың орыны бөлек. Осы ретте Президент «этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек» деді. Ұлтаралық қатынас саясатын одан әрі жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.

Қорған Қонысбайұлы