Елде терроризмді қаржыландыруға қатысы бар лауазымды тұлғалардың тізімі жарияланады

Елде терроризмді қаржыландыруға қатысы бар лауазымды тұлғалардың тізімі жауапты органдардың порталында жарияланады.

Бұл қылмыскерлердің есеп-шоттарын 24 сағат ішінде бұғаттау үшін жасалады. Бүгін Сенат депутаттары тиісті заң жобасын қабылдады. Жария лауазымды тұлғалардың қаржы және мүліктік операцияларын күрделі тексерістен өткізеді. Яғни құны 50 миллион теңгеден асатын үйді алып сататын азаматтар бақылауға алынады. Себебі қылмыстық жолмен алынған табыс негізінен мүлікке инвестицияланады. Сондай-ақ құмар ойындар ойнап, ұтысы 1 миллион теңгеден асқандар да Қаржы мониторингі агенттігінің назарында болады. Бұған дейін мұндай тексерістер тек шетелдік жария тұлғаларға ғана қатысты жүргізілетін. Жаңашылдықтың арқасында виртуалды валюта айналымы мен заңсыз жолмен алған кірістерді анықтау мүмкін болады. Әзірге жария лауазымды тұлғалардың қатарына кімдер кіретіні белгісіз. Бұл тізімді Мемлекет басшысының өзі бекітеді.

Айта кетерлігі, бұл санаттағылар жұмыстан шығып кетсе де олар тағы 1 жыл бойы жауапты ведомствоның бақылауында болады. Олардың туыстары да назардан тыс қалмайды.