Абзал Әжіғалиев Бейжіңдегі Олимпиадада үздік төрттікке енді

Абзал Әжіғалиев Бейжіңдегі Олимпиадада үздік төрттікке енді
Olympic.kz

Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен 500 метрге жүгіруден ерлер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Финалдық сында қазақстандық Абзал Әжіғалиев та өнер көрсеткен болатын. Ақтық бәсекеде Абзал мәре сызығын төртінші болып кесіп, жүлдеге сынық сүйем жерден тоқтады. 

Аталған қашықтықта алтын жүлдені Венгрия, күмісті Ресей, қоланы Канада спортшылары иеленген. 

Абзал Әжіғалиев қысқа қашықтықтарға жүгіруден әлем кубогінің жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері. Ол Сочи және Пхченчхан Олимпиадаларына қатысып, А финалына алғаш рет Бейжің ойындарында шыққан болатын. 

Әзірге Абзал қазақстандық шорт-трекшілердің Олимпиададағы ең ірі жетістігін тіркеп отыр. Бұған дейн отандық шорт-трек шеберлері Олимпиадада төрттікке енген емес.