Қ.Тоқаев: Мемлекеттік қызмет эксперимент алаңы емес!

Президент Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін елімізге шақырғанына өкінбей ме? Азаматтардың азапталғанынан Қасым-Жомарт Тоқаев қаншалықты хабардар? Президент «Қазақстан» ұлттық арнасына сұхбат берді. Мемлекеттік тілде өрбіген салмақты әңгіме барысында Мемлекет басшысы тек қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдіріп қойған жоқ. Ресей туралы да ойын айтты. Көршіміз солтүстік облыстарға шынымен көз алартып отыр ма? Қасым-Жомарт Тоқаев бұған да жауап берді.

Мұның алдында Президент орыс тілінде сұхбат берген еді. Араға үш аптаға жуық уақыт салып қазақ тілінде салмақты әңгіме өрбітті. «Бірақ бұл әсте мемлекеттік тілді кемсіту емес» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бірінші сұхбаты халықаралық аудиторияға арналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ол сұхбат ең алдымен әлем жұртшылығына Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпарат беру үшін жасалды. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатымды кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Қалай болса да, орыс тілі - Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен өзіміз оған құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын.

Қаңтар оқиғасына қатысты деректің бәрі уақыты келгенде ашық айтылады. Президент «Халықтан жасыратын ештеңе жоқ» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір тергеу құпия түрде жүргізіліп жатыр. Бұл өте ерекше іс. Мұны түсіну керек. Біраз уақыт керек бұған. Көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға жауап беріледі міндетті түрде. Бәрі де айтылады. Халықтан ешқандай сыр болмайды.

Ал елге ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін шақырғанға Президент өкінбеймін деді. Өйткені, қарулы топтар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Бітімгерлік күш үшін Путинге қарыз емес екенімізді де кесіп айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–«Путинге қарыз боп қалдық» дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті В.Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес.

Ресей деп қалдық қой. Осы көрші ел біздің солтүстік облыстарды басып алғысы келеді деген әңгіме бар, жұрт арасында. Президент бұған қатысты да пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген.

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанды қалыптастыратынын айтқан. Осы орайда журналист Жайна Сламбек «ескі кадрлармен жаңа Қазақстанды қалай құрамыз» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Президенттік сайлауға екінші рет қатыса ма? Мемлекет басшысы бұл уақыт еншісіндегі мәселе екенін айтты.

Президент осы сұхбатында Елбасына қатысты да пікір білдірді. Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған тұлға деді. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет екенін атап өтті. Ал өзі шетел асқан қыруар қаражатты қайтаратынын айтты. «Әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек» деді.

Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров