ЕАЭО аясында жұмыс тобын құру керек – Қ.Тоқаев

Геосясаттағы жағдайдың кері әсерін төмендету үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс тобын құру керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларымен кездесуінде осындай ұсыныс жасады. Жиында екі күнге созылған үкіметаралық кеңестің қорытындылары айтылды.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметаралық кеңесі геосаяси ахуалдың ушығып тұрған сәтінде өтті. Сондықтан күн тәртібі тығыз. Талқылайтын мәселе, атқарылатын жұмыс көп. Былтыр одақтың сыртқы сауда айналымы 34, ішкі сауда көлемінің көрсеткіші 67 процентке жеткен еді. Биыл бұл қарқынды сақтап қалу оңай болмайды. Өйткені тап қазір Батыс елдері Ресейге түрлі санкция салып жатыр. Мұның салқыны одаққа мүше мемлекеттерге тиері анық. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай сын-қатерлерге төтеп беру үшін арнайы жұмыс тобын құру қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің экономикалық одағымыз белгілі себептерге байланысты санкциялық қарсылықтардың салдарынан туындайтын саяси текетірестердің күшеюіне және оның елдеріміздің экономикасы мен қаржы жүйесіне кері әсеріне алаңдаушылық білдіреді. Валюта бағамына, төлем жүйесіне, екінші деңгейлі банктерге қатысты тәуекел-қатерлер күшейе түсті. Біз Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл тек басы ғана, алда өте күрделі жұмыстар тұр. Бұл жұмыстарды Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестерімізбен келісе отырып жүргіземіз деп ойлаймын. Экономикалық, қаржылық және өнеркәсіптік жүйелердегі тығыз ықпалдастықты ескере отырып, тәуекел-қатерлерді бағалауға және жағдайдың кері әсерін төмендетуге бағытталған экономикалық шараларды әзірлеу үшін жұмыс тобын құру керек.

Құрылатын жұмыс тобына экономикалық ведомство басшылары мен қаржы жүйесін реттеу агенттіктері кіруі тиіс. Үйлестіру жұмыстарын Еуразиялық экономикалық коммиссияның міндетіне беруді ұсынды президент. Жалпы биыл одаққа Қырғызстан Республикасы төрағалық етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің басшылығына жауапты міндетті сәтті әрі табысты атқарып шығуына тілектестік білдірді. Өз кезегінде Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров Үкіметаралық кеңесті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан билігіне алғыс білдірді. 

Ақылбек Жапаров, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – президент әкімшілігінің басшысы:

- Кеңесті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға алғыс айтамын. Қырғызстан үкіметінің төрағалығымен алғашқы отырысты өткіздік. Жиында Еуразиялық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жүзеге асырудағы басым бағыттар талқыланды. Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауар мен қызметтің, жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету бойынша сұрақтар пысықталды. Инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, соның ішінде ауылшаруашылық, энергетика саласында цияфрлық технология мен жасыл энергияны пайдалана отырып бірлескен кәсіпорындау құру мәселесі ерекше назарда болды. Еуразиялық агроэкспресс мультимодалді теміржол қатынасын жеделдету жобасын жүзеге асыру бойынша бастаманы мақұлдадық.

Жиынға одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшылары, бақылаушы мемлекеттің өкілі ретінде Өзбекстан премьер-министрі қатысып, кеңес қорытындысы бойынша өз ойларын ортаға салды. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясникович одақтың мүмкіндіктеріне тоқталды.

Михаил Мясникович, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:

- Өте маңызды тарихи шешімдер қабылданды. Әрине барлық мәселені талқылап үлгермедік. Бірақ оларды жетілдіру жолдарын қарастырып жатырмыз. Былтыр өзара кооперациялық жеткізу 31 процентке өскен. Бұл 2019 жылғы коронавирусқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 20 процентке көп. Яғни ынтымақтастығымыздың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көруге болады. Бірақ біздің елдеріміздің мүмкіндігі бұдан да жоғары. Оны жетілдіре түсу үшін инвестиция саласында белсенділікті арттыруымыз керек. 

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда елдеріміздің үкіметтері аса күрделі проблемаларды шешудің тиімді жолдарын табуға тиіс екенін атап өтті. Мемлекеттеріміздің стратегиялық мүддесін қорғу үшін бар күш жегірімізді салып, одақтың абырайын сақтап қалу маңызды деді. Айта кетейін, үкіметаралық Кеңестің келесі отырысы маусым айында Беларусьте өтеді деп жоспарланған.

Талғатбек Әбдіқожа