Президент ірі бизнес өкілдерімен кездесті

Елімізде экономиканы монополиядан арылту және жаңа нарықтар ашу жұмыстары жалғасады. Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ақордада өткен жиында мемлекетті одан әрі дамыту жолындағы отандық кәсіпкерліктің рөлі талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуінде, еліміздің экономикалық саясатының негізгі мақсаты  – бүкіл елдің әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде жақсарту ісі өзгермейтінін ерекше атап өтті. Бұл мақсатқа еркін әрі тиімді нарықтық экономика құру арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтты. «Жалпы мемлекеттің бизнес ісіне араласуы келмеске кетеді және солай болуы тиіс», – деді. Әрі осы мақсаттарға жету үшін бірқатар шешім қабылданатынын жеткізді. Атап айтқанда, салық саясаты мен салық әкімшілігі түбегейлі қайта қаралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан  Республикасының Президенті:

– 2024 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оны әзірлеуге бизнес тікелей қатысады. Бұл – менің Үкіметке берген тапсырмам. 2024 жылдан «басынан бастап реттеу» жүйесі іске қосылады. Бұл бизнесті артық әкімшілік қысымнан босатады. Мемлекеттік сатып алу тәсілдері мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі толығымен қайта қаралып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнама жетілдіріледі.

Президент салалық саясатын, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс саласын, көлік-логистика секторын дамытуға қатысты әдістерді қайта қарау маңызды деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бәсекелестік жағдайы теңестіріледі. Енді қандай да бір тұлғаға басымдықтар берілмейді. Мемлекеттік аппараттағы байланыстары мен оның тарапынан жасалатын қамқорлыққа қарамастан, Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл – негізгі ұстаным. Біз шағын және орта бизнесті дамытамыз. Кәсіпкерлердің жаңа буынын өсіруге, жаңа идеялар мен ой-пікірлерді қолдауға баса мән береміз. Сонымен қатар мемлекет ірі, қалыптасқан бизнесті қолдаудан бас тартпайды. Керісінше, біз, ең алдымен, сіздерді Әділетті Қазақстан құруға белсене атсалысуға шақырамыз.

Сондай-ақ Президент ірі бизнес өкілдерін қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуде шет қалмауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан  Республикасының Президенті:

Адами капиталға, атап айтқанда, заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризмді дамытуға инвестиция құю да маңызды. Сіздер қайырымдылық істер жасауды жалғастыра беретіндеріңізге сенімдіміз. Қазір елімізде мектептердің, студенттер жатақханаларының, жастарға арналған спорт ғимараттарының тапшылығы сезіледі. Сіздердің көмектеріңіз ел үшін елеулі болар еді, – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы билік пен бизнес арасындағы конструктивті диалогты жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Президент телерадио кешенінің көмегімен