Президент дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйым басшыларын қабылдады

Қазір ядролық қаруды қолдану туралы қауіпті мәлімдеме көбейді. Атом энергиясын қару ретінде емес, тек бейбіт өмірі үшін пайдалану керек. Біз Біріккен ұлттар ұйымының жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген мемлекеттердің тұтастығын ғана қолдаймыз. Мұны бүгін Президент айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларын қабылдады. Әуелі елде жүргізіліп жатқан реформаларды айтты. Сосын экономикаға тоқталды. «Еліміздің аграрлық, өндірістік сектор, энергетика, «жасыл» қаржы салаларының, әле-уеті зор» деді. Бұдан бөлек, көлік-логистикадағы мүмкіндігіміз мол. Бұл бағыт өңірлердің өзара, іс-әрекетін жандандыруға ықпал етеді.

ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

«Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдың 80 пайыздан астамы біздің еліміз арқылы кедергісіз өтеді. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, көлік-транзит әлеуетінің дамуы Орталық Азия елдерінің тұтас ЖІӨ-н 15 пайызға өсуіне ықпал етуі мүмкін. Қазақстан қазірдің өзінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Біз энергетика мен азық-түлік жеткізу ісін әртараптандыруда және қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды саналатын осы бағытты дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек».

СЕРІКТЕСТЕРМЕН БАЙЛАНЫС ЖАНДАНАДЫ

Бізде 70 миллиард доллар көлемінде активке ие «Самұрық-Қазына» қоры бар. Әлемнің отыз ірі тәуелсіз қорының қатарына кіреді. Президент шетелдік миссия басшыларын қормен байланыс орнатуға шақырды. Осыдан соң Қазақстан мен Орталық Азия аймағы барлық мүдделі мемлекетпен және ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін атап өтті.

«Орталық Азияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызының артуына байланысты C5+ форматы серіктестерімізбен арадағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазір C5+ форматы көптеген елмен және өңірлік одақтармен, соның ішінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және кейінгі уақытта Қытай, Үндістан, Ресей, Еуропалық Одақпен белсенді ынтымақтастық орнатты. Орталық Азия экономикасындағы жетекші ел ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық дамуға, сондай-ақ құрлықтар, мәдениеттер мен ұлттар арасын жақындатуға өз үлесін қоса береді. Осыған орай біз әлемдік қауымдастықтың барлық мүшесімен, соның ішінде АСЕАН, Таяу Шығыс, Африка және Америкамен белсенді серіктестігімізді жалғастырамыз».